Қазақстан жазушылар одағы Нұрсұлтан Назарбаевты салтанатты ұлықтау рәсімімен құттықтайды
Жоғары мәртебелі Елбасы!
Сізді салтанатты ұлықтау рәсімімен шын жүректен құттықтаймыз!
Тәуелсіздік алғалы бері Қазақстан халқы талай белестерге қол жеткізді: еліміз дамудың жаңа сатысына көтеріліп, экономикалық және әлеуметтік өсімді қамтамасыз еткен берік мемлекеттік жүйе қалыптасты. Қазақстандықтардың әл-ауқаты бірнеше есеге артты. Осының бәрі – Сіздің сарабдал саясатыңыздың жемісі.
Ұлықтау рәсімінің Қазақстан халқының бірлігі күні қарсаңына тұспа-тұс келуі де кездейсоқ емес. Себебі Сіздің көреген басшылығыңыз бейбітшілік пен келісімнің айнымас кепіліне айналып, көпұлтты елімізді ұлы жетістіктерге жеткізді.
Осы тұста ұлтаралық татулық тақырыбының Сіз ұсынған бес институционалдық реформада қамтылуы аса қуантады. Себебі бүгінгі жетістіктерімізге біз мызғымас бірліктің арқасында қол жеткіздік және сол толайым табыстарымызды еселей түспекпіз. Болашағы біртұтас ұлт қалыптастыру идеясы барша қазақстандық берік ұстанатын азаматтық қағидатқа, Мәңгілік Елдің басты құндылықтарының біріне айналады деп сенеміз.
Тағдыры бір елдің – болашағы бір. Бірлігі мен ынтымағы жарасқан халқымыздың болашағы баянды болсын!
