Қазақстан Республикасының тәуелсіздігі: 20 жылдық тарихи белес
ҚАЗАҚСТАН ЖӘНЕ ПРЕЗИДЕНТ АЙЫРЫМ БЕЛГІЛЕРІ

Президенттің 1995 жылғы 29 желтоқсандағы «Қазақстан Республикасы Президентінің байрағы және оның айырым белгілерінің ресми пайдаланылуы тәртібі туралы» Жарлығына сәйкес ресми айырым белгілері мен орналасатын жерлері белгіленіп, Президенттік биліктің рәміздері бекітілді. Қазақстан Республикасының Президентi туралы Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 26 желтоқсандағы № 2733 Конституциялық заңының 6-бабының, 1-тармағы бойынша: «Республика Президентiнiң айырым белгiлерi - Қазақстан Республикасы Президентiнiң омырауға тағатын белгiсi мен байрағы болады». Қазақстан Республикасы Президентінің байрағы - мемлекет басшысының жоғары лауазымдық белгілерінің бірі. Ол мемлекеттік тумен түстес көгілдір түсті, тікбұрыш нысанындағы ені мен ұзындығы үштен екіге сәйкес келетін кездеме. Ортасында қанатты барыстың үстінде оң қолын жоғары көтеріп отырған сақ дәуірінің жас көсемі алтын шеңбер ішінде бейнеленген. Кездеме үш жағынан алтын шашақпен көмкерілген. Сабына ҚР Президентінің мемлекеттік тілде тегі, есімі мен әкесінің аты және сайланған уақыты өрнектеліп жазылған күміс тақтайша бекітіледі. Қазақстан Республикасы Президентінің байрағы үнемі Елбасының жанында болады және шет елге сапарға шыққанда бірге алып жүреді (Қараңыз: www.akorda.kz).
