Қазақстан Республикасының тәуелсіздігі: 20 жылдық тарихи белес
ҚАЗАҚСТАН ЖӘНЕ ТЕҢГЕ

1993 жылдың негізгі жаңалығы – 15 қарашадан бастап ұлттық валютамыз теңгенің енуі еді. КСРО-ның 500 сомына тең 1 теңге алғашында Ұлыбританияда басылып шықса, алғашқы тиындар Германиядан шығарылды.
Алғашқы теңгеде қазақ халқының ұлы тұлғаларының бейнелері тұрды. Мәселен, 1 теңгеде философ, әлеуметтанушы, математик, физик, астроном, ботаник, лингвист, логика және музыка зерттеушісі, әлемнің екінші ұстазы - Әбу Насыр әл-Фараби (870-950); 3 теңгеде қазақтың әйгілі ақыны, айтыс өнерінің майталман жүйрігі – Сүйінбай Аронұлы (1815-1898); 5 теңгеде қазақтың ұлы күйші-композиторы, аспапты музыка өнерінің классигі Құрманғазы Сағырбайұлы (1823-1896); 10 теңгеде қазақтың ұлы ғалымы, тарихшы, фольклоршы, этнограф, географ, ағартушы Шоқан (Мұхаммед Қанафия) Уәлиханов (1835-1865); 20 теңгеде ақын, қазіргі қазақ жазба әдебиетінің негізін салушы Абай (Ибраһим) Құнанбаев (1845-1904); 50 теңгеде 1718-1748 жылдары билік құрған Кіші жүз ханы Әбілқайыр (1693-1748); 100 теңгеде қазақ мемлекетінің тарихындағы аса көрнекті мемлекет қайраткері Абылай хан (1711-1781) бейнеленді. Кейінгі теңгелерге ұлы философ әл-Фарабидің бейнелері көрініс тапты. Ұмыт болып бара жатқан бабаларымыздың бейнелері халқымыздың санасында осылайша жаттала бастады.
Ұлттық валюта 2006 жылы жаңа дизайнда дайындалып, қолданысқа 200-ден 10000 дейінгі номиналда шықты.
