Қазақстан Республикасының тәуелсіздігі: 20 жылдық тарихи белес
ҚАЗАҚСТАН ЖӘНЕ БҰҰ

Еліміз 1992 жылдың 2 наурызында халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті қолдау мен бекіту, мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықты даму бағытында құрылған Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше болып қабылданды. Осы ұйымның негізгі қызметі мен құрылымы ІІ Дүниежүзілік соғыс жылдарындағы жетекші антигитлерлік коалиция қатысушыларымен дайындалды. «Біріккен Ұлттар» атауы бірінші рет 1942 жылдың 1 қаңтарындағы Біріккен Ұлттар Декларациясында қолданылды. БҰҰ Жарғысы 1945 жылдың сәуірі мен маусымы аралығында өткен Сан-Франциско конференциясында бекітіліп, 1945 жылдың 26 маусымында 51 мемлекет өкілдері қол қойды. Ал бұл Жарғының заңдық күші енген 24 қазан Біріккен Ұлттар Ұйымының күні деп аталып өтеді. Ұйым құрылымы төмендегідей: Бас Ассамблея, Қауіпсіздік кеңесі, Хатшылық, Экономикалық және әлеуметтік кеңес, Қамқорлық жөніндегі кеңес, Халықаралық сот. Сонымен қатар, Әлемдік банк, МАГАТЭ, ЮНЕСКО, Халықаралық денсаулық сақтау ұйымы, БҰҰ-ның балалар қоры, БҰҰ-ның өнеркәсіпті дамыту жөніндегі арнаулы мекемелері мен Халықаралық Құқық комиссиясы, Халықаралық Сауда құқығы жөніндегі арнаулы комиссиялар қызмет атқарады. БҰҰ тарихындағы оның Бас хатшылары:
Глэдвин Джебб, Ұлыбритания, (24 қазан 1945 ж. - 1 ақпан 1946 ж.);
Трюгве Хальвдан Ли, Норвегия (2 ақпан 1946 ж. - 10 қараша 1952 ж.);
Даг Хаммаршельд, Швеция, (10 сәуір 1953 ж. - 18 қыркүйек 1961 ж.);
У Тан, Бирма (30 қараша 1961 ж. - 1 қаңтар 1972 ж.);
Курт Вальдхайм, Австрия (1 қаңтар 1972 ж. - 1 қаңтар 1982 ж.);
Хавьер Перес де Куэльяр, Перу (1 қаңтар 1982 ж. - 1 қаңтар 1992 ж.);
Бутрос Бутрос-Гали, Египет (1 қаңтар 1992 ж. - 1 қаңтар 1997 ж.);
Кофи Аннан, Гана (1 қаңтар 1997 ж. - 1 қаңтар 2007 ж.);
Пан Ги Мун, Оңтүстік Корея (1 қаңтар 2007 ж. – бүгінгі күнге дейін). Демек, осы уақытқа дейін 9 Бас хатшы болса, оның төртеуі Батыс Еуропадан, екеуден Азия мен Африка және Оңтүстік Америкадан біреу.
Бүгінгі күнде БҰҰ-ның Қазақстанда келесі ұйымдары жұмыс атқарады: Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасы (БҰҰДБ), БҰҰ Балалар қоры (ЮНИСЕФ), БҰҰ Халық қоныстану қоры (ЮНФПА), БҰҰ есірткі және қылмыс мәселелері жөніндегі басқармасы (БҰҰ ЕҚБ), БҰҰ Жоғарғы комиссарының босқындар ісі жөніндегі басқармасы (БҰҰ ЖКББ), БҰҰ Еріктілері (БҰҰЕ), Әйелдер қоры (ЮНИФЕМ), Халықаралық еңбек ұйымы (ХЕҰ), БҰҰ білім, ғылым және мәдениет мәселелері жөніндегі ұйымы (ЮНЕСКО), Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ), БҰҰ өнеркәсіптік даму жөніндегі ұйымы (ЮНИДО), Дүниежүзілік Банк (ДБ), Халықаралық валюта қоры (ХВҚ), АТҚБ/ЖТҚБ жөніндегі БҰҰ бағдарламасы (ЮНЭЙДС) және Қоғамдық ақпарат жөніндегі департамент (ҚАД) (Қараңыз: Интернет-ресурс: www. wikipedia.org).
