Қазақстан Республикасының президентінің назарына!
Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы!
Аса құрметті Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы. Мен Павлодар қаласының тұрғыны Жангазин Дархан Шаймолдаұлымын. Біріншіден сіздің БҰҰ-ның 70 сесиясында қазақша баяндама жасағаныңыз түгел билікте отырған және қазақ жерінде тұратын әрбір азаматқа үлгі болды. «Тіл адамның даңқын асырады. Адам ол арқылы бақыт табады» деп Жүсіп Баласағұнның «Құдатғу білік» еңбегінде жазғандай сіздің қазақ тілінде жасаған баяндамаңыз қазақ тілінің мәртебесін жиынға жиналған алпауыт елдер басшыларының алдыңда асқақтата түсті. Сіздін бұл істеген ісіңізді көріп қуанып отырмын. Менің шет елде оқып жатқан замандастарымның айтуынша сіздің бұл ісіңіз шетел азаматтарының арасында қызу талқылану үстінде. Олар болса мақтанышпен: «Бұл біздің елдің президентті» – деп төбелері көкке жетуде. Ахмет Байтұрсын атамыз айтқандай: «Дүниеде ешбір тіл өз-өзінен шықпайды. Тіл деген нәрсе қалың елдің күндегі тұрмыс қазанында қайнап, пісіп дүниеге келеді». Сіз Халел Досмұхамедұлының тіл туралы: «Біздің тәжірибемізде қазақ тілі – бай тіл. Тек сөздерін ғылым жолына салып реттесе, ешбір жұрттың тілінен кем болмайды», - деген пікірін нақты іспен Американың төрінде қалың жұрттың алдында дәлелдеп кеттіңіз.
Сізді қазақ хандығының 550 жылдығымен құттықтай отырып: «біз Алтын Орданың заңды мұрагеріміз» дегенді заңды түрде бекітсек деп отырмын. Сіздің сөздеріңізбен сабақтай отырып: «Қазақ хандығы бұдан бес жарым ғасыр бұрын ғана шаңырақ көтерсе де, Еуразияның ұлы даласында орнаған арғы дәуірдегі сақ, ғұн, үйсін мемлекеттерінің, бергі замандағы Ұлы түрік қағандығы, Дешті Қыпшақ пен Алтын Орда мемлекеттерінің заңды мұрагері болды».
Біздің халқымызды бұдан басқа тағы екі үлкен мерейтой күтіп отыр. Оның бірі ұлт көсемі Қыр баласы – Ел ағасы Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейханның 150 жылдық (1866-2016 жж.) мерейтойы. Екінші мерейтой Қыр баласының есімімен байланысты Алаш-Орда үкіметінің құрылғанына 100 жыл (1917-2017 жж.) толады. Әлихан атамыздың 150 жылдық мерейтойының қарсаныңда біздің Павлодар қаласының атын Әлихан Бөкейхан ағамызға беруді сұраймын. Кешегі отаршыл алып империяға Кеңес өкіметі «қылыштың жүзімен, найзаның ұшымен» үстемдік орнатып, «басқа жұрттардың басшылары тырым-тырақай болып шет патшалықтарға шығып кеткенінде, Әлиханның қоныс аудармай қалуы да – елін сүйгендікке дәлел» болатын. Алаштың Әлиханы: «Тірі болсам, хан баласында қазақтың хақысы бар еді, қазаққа қызмет қылмай қоймаймын!..» деген сертіне өмірінің сонына дейін бекем болған. Әлекеннің өз отанына деген махабатын мына сөздерінен ақ байқауға болады: «Мен өз отанымның ішкі істерімен өмір сүремін, мен үшін оның тағдыры бәрінен артық… Егер ол қандай жағдайда екенін білмесем, ұйықтай алмаймын».
«Азаттық таңын бізідң ұрпақтарымыз көреді», – деп алаш басшылары армандаған. Сол азаттықтың таңы сіздің тәуелсіз Қазақ елінің 1991 жылы тізгінің ұстағанда келді. Енді Әлекен айтқандай: «Кейінгілер ғибрат аларлық үлгі тастап кетіп алғыс алармыз ба? Жоқ, далаға лағып, жөнсіз кетіп қарғыс-лағынет аламыз ба? Кеудесінде көзі бар адам көп ойланарлық жұмыс». Біз өзімізден кейінгі келер ұрпаққа түгелін қазақшаландырып алғыс аламыз ба?, әлде түгелін орысшаландырып қарғыс алармызба? Шынымен де кеудесінде көзі бар адам көп ойланарлық жұмыс.
Сондықтан Павлодар қаласының атын Әлихан Бөкейхан қаласы деп ауыстыруды сізден сұраймын. Павлодар қаласының қақ ортасындағы орталық көше Кутузовтың атында тұр қазіргі таңда. Әрине бұл Кутузов атақты қолбасшы болғанымен қазаққа жасаған жақсылығы жоқ. Бұл Павлодар қаласындағы ең үлкен, әрі орталық көше болып саналады. Сондықтан бұл көшеге Әлихан атамыздың атын беру өте лайықты. Және осы көшенің (Кутузов) Лермонтов көшесімен қиылысында біздің еліміздің көк байрағы ілініп тұратын жерге Әлихан атамызға үлкен бір ескерткіш орнатылса нұр үстіне нұр болар еді.
Тағы бір айта кететін мәселе біздің Павлодар қаласында Павлодар мемлекеттік педагогикалық институты жұмыс істейді. Аталмыш институт қазіргі таңда атаусыз тұр. Сондықтан бұл институтқа Қошке (Қошмұхамед) Кемеңгер атамызға беруді сұраймын. Ата-бабалары Баянауылдан шыққан, өзі Омбы қаласының маныңда туып өскеніне қарамастан Павлодар өңірінде қызмет етті, сондықтан да оны жергілікті зиялылар қатарына қосуға болады. Қошке атамызға да Павлодар қаласындағы 1 мамыр (1 мая) көшесін Қошке Кемеңгер көшесі деп өзгертуіңізді сұраймын.
Бүгін тәуелсіздік жағдайында Мұстафа Шоқайдың даналық сөздері ерекше мәнмен қабылданады: «Ұлттық азаттық ұлттық рухтың нәтижесі болып табылады. Ал ұлттық рух ұлттық азаттық пен тәуелсіздік болған кезде өседі және өзінің жемістерін әкеледі». Біздің Павлодар қаласында ұлттық рух осы қазіргі тәуелсіз Қазақстанның таңында өсіп келеді, енді өзінің жемістерін берсе екен деп үміттенемін.
Құрметпен сіздің алашыңыз (отандасыңыз) Жангазин Дархан Шаймолдаұлы.
