Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

«Қазақстан Республикасының интеллектуалдық меншік құқығы» оқулығы жарық көрді

Қазақстан Республикасының интеллектуалдық меншік құқығы қандай басымдықтарға ие? Интеллектуалдық меншіктерге не жатады? Бүгінгі жаһандануға қадам басқан қоғамда рухани құндылықтар ерекше маңызға ие болып отыр. Өркениет адамның ұлттық, рухани құндылықтарын, психологиялық ерекшеліктерінің жүйесі және оның гуманизмдік процесінің бейнесі. Ал, адам дүниеге келгеннен кейін, табиғат оған ойлау, сөйлеу, шығармашылық, ғылыми және мәдени туындылар жасау қабілетін сыйға береді. Қоғамда жалпыадамзаттық құндылықтар мен ортақ мәдени туындылардан бөлек жеке азаматтардың қолынан туған шығармашылық еңбектерінің жемісі де адамзаттың рухани және зияткерлік құндылықтар қорын құрайды. Құқықтық мемлекет құрудағы басты мақсат азаматтардың өз құқықтары мен міндеттерін толық қорғай алатын және заң жүзінде жеке басы мен зияткерлік меншігіне құқықтық тұрғыдан иелік ете алатын құқықтық жүйе құру болып табылады.

Жуырда «Қазақ университеті» баспасынан «Қазақстан Республикасының интеллектуалдық меншік құқығы» деген атаумен жаңа оқу құралы жарық көрді. Оқу құралы Қазақстан Республикасының интеллектуалдық меншік құқығына арналған қазақ тіліндегі алғашқы оқу құралы болып табылады. Оқу құралында интеллектуалды меншік құқығының объектілері, авторлық құқық, сабақтас құқықтар, патент құқығы, фирмалық атау, тауар белгісі, селекциялық жетістік, ноу-хау, топологияға жан-жақты талдау жасалады. Интеллектуалды меншік құқығы бойынша қысқаша дәріс материалдары, қажетті қосымша сызбалар, студенттердің өзін-өзі тексеруге арналған тапсырмалар, семинар сабақтарға арналған материалдарды қамтиды. Оқу құралы жоғарғы және орта оқу орындарының заңгер және басқа да мамандықтарда оқитын студенттері мен магистранттарының қолдануына арналған.

Бұл оқу құралындағы материалдар арқылы сіз өзіңіздің жасаған немесе болашақта ойыңызда жүрген шығармашылық еңбегіңіздің нәтижесіне иелік ету құқығыңызды қорғай аласыз. ҚР Конституциясының 44-бабында әдеби, көркем, ғылыми, техникалық және өзге де шығармашылық түрлерінің бостандығына арналған, «интеллектуалдық меншік заңмен қорғалады» делінген. Демек, жылдан жылға қоғамда өндіріс пен техника дамыған сайын, адами қажеттіліктерді толықтай қанағаттандыратын туындылар мен өнертабыстарға қажеттілік артады. Әр жыл сайын әлемде жаңа мәдени және ғылыми туындылар пайда болып, адамдардың шығармашылық әрекеті артып келеді. Осындай жағдайда өз интеллектуалды меншік құқығыңызға иелік ету үшін, ең алдымен заңдық және құқықтық сауаттылығыңызды арттыру керек. Қазақ тілінде алғаш жарық көріп отырған аталған оқу құралы арқылы сіз өзіңізге қажетті құқықтық басымдылығыңызды айқындай аласыз. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың жолдауында көрсеткендей: «Қазақстан 2050 жылға қарай, әлемнің ең дамыған отыз елінің қатарында болмақ. «Дамушы елдер арасында осы клубтағы орынға бәсекелестік қатал болмақ. Күн астындағы орын тек ең мықтыларға арналғанын нақты сезіне отырып, ұлтымыз жаһандық экономикалық тайталасқа дайын болуға тиіс». Экономиканың басты бағыты индустриялды-инновациялық даму бағыты болмақ. Жаңа заманға сай, жаңа адамзаттық өнертабыстар- дамыған мемлекеттің айқын көріністері болмақ!

Г.А. Худайбердина

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ,

Заң факультетінің азаматтық құқық,

азаматтық іс жүргізу және

еңбек құқығы кафедрасының

аға оқытушысы

0
0
1253

Осы тақырып бойынша