Қазақстан Парламентінің делегациясы Парламенттік Ассамблеясының XV отырысына қатысты.
Бүгін Қазақстан Парламентінің делегациясы Мәскеуде өткен Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы Парламенттік Ассамблеясының XV отырысына қатысты.
Біздің өңірде тұрақтылық пен қауіпсіздікке нұқсан келтіретін түрлі қауіп-қатерлер мен қақтығыстар өзекті болып отыр. Мұндай жағдайларда ашық мемлекетаралық диалогтың маңыздылығын Қазақстан Президенті талай мәрте атап өткен болатын. Осы тұста ҰҚШҰ елдері парламенттеріне үлкен жауапкершілік жүктеледі.
Осыған байланысты қазақстандық делегация «Терроризмге қарсы іс-қимыл туралы» ҰҚШҰ-ның жаңа модельдік заңын әзірлеуді ұсынды.
Мұндай заң Ұйымға мүше елдердің осы саладағы ұлттық заңнамаларын үйлестіру үшін қажет. Өйткені терроризм бүгінде кез келген мемлекет үшін қауіпсіздік пен тұрақтылыққа төнетін ең үлкен қатерлердің бірі деуге болады. Терроризм заңсыз көші-қонмен, трансшекаралық қылмыспен, қарудың, есірткінің заңсыз айналымымен және басқа да көптеген мәселемен байланысты.
Ассамблеядағы әріптестеріміз терроризм сын-қатерлеріне бірлесіп қарсы тұрудың нақты құқықтық тетіктерін қалыптастыратын модельдік заңнаманың сапалы базасын құру қажеттігі идеясын қолдады.
Сондай-ақ отырыста Ұйымға мүше мемлекеттердің ұлттық заңнамасын жақындастыру және үйлестіру бойынша ҰҚШҰ Парламентаралық Ассамблеясының қолданыстағы іс-шаралар бағдарламасын іске асыру шеңберінде бірқатар модельдік құқықтық актілер қабылданды. Олардың қатарында отын-энергетикалық кешен объектілеріндегі терроризмге қарсы іс-қимыл, халықаралық терроризмнің ҰҚШҰ елдеріне ену арналарына тосқауыл қою, ҰҚШҰ модельдік актілерін қабылдау үшін әзірлеудің және дайындаудың әдістемелік негіздерін жетілдіру бойынша ұсынымдар бар.
Отырыстың күн тәртібіндегі мәселенің бірі – 20 қарашада елімізде өткен президенттік сайлауды бақылауға қатысқан ҰҚШҰ Парламенттік Ассамблеясы мониторингтік тобының қорытындылары болды. Жиынға қатысушылар сайлаудың халықаралық нормалар мен ұлттық заңнамаларға толық сәйкес өткенін атап өтті.
Жалпы парламенттік дипломатия бүгінде елдер арасында тығыз әріптестік орнатуда маңызды рөл атқарады. Ал біз үшін барлық ұйымдардағы басты басымдықтардың бірі – әрқашан аймақтағы және халықаралық деңгейдегі жан-жақты қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері болып қала береді.
