Қазақстан қоғамындағы қазақ тілінің көрінісі
Қарапайым күнделікті ортадан бастап, кез-келген әлеуметтік сатының деңгейіңде кездесетін,барлығымызға қалыпты өмірлік жағдайларда орын алып жататын көріністердің бірі ол - қазақ тілінің комплексі. Ол дегеніміз жалпақ тілмен айтар болсақ, өзіміздің ана тілімізде сөйлеуден қарағанда, өзге тілде сөйлеу, бізге әлдеқайда ыңғайлырақ, пайдалырақ, престижді болып көрінеді. Өзге тілдің бәрін біл,өз тілінді құрметте деген мақалдың осы жерде орны өте орнықты. Тамырымда қазақ қаны аққандықтан, нағыз қазақ азаматы ретінде бұл сұрақ мені талай жылдар бойы мазалаған. Көптеген азаматтар мен ұстаздардан, білімі мен көкірегі ояу жандардан осы сұрақтың жауабын сұраған болатынмын. Енді сіздердің назарынызға жас буын өкілдерінен бастап, аға-әпкелеріміздің айтқандарынан жасаған түйінімді сіздерге ұсынайын:
1) Қазақстан xалқы талай жылдар бойы КСРО-ның құрамында болғандықтан, біздің қоғамның көп бөлігі қазақшамен қатар орысша сөйлеу қалыпты жағдай. Ең бастысы ана тілі - қазақ тілі екендігін ұмытпай, қалғаны өз реттілігімен болуы тиіс екендігін білген жөн.Ал бұл себепті реттеу үшін бірігіп жасалған еңбекпен бірге уақыт та қажет.
2) Қалыптасқан тілдік барьер. Бұл жерде түрлі аспекттер бар. Қарапайым мысал: Неліктен қазақ балалары орыс тілін меңгеруге құштар болып келеді ? Неге керісінше емес ? Сөз жоқ адамдар жетерлік, басқа ұлт бола тұра,қазақ тілі қанша қиын болса да оны меңгеріп алады, бірақ көпшілігі емес, өкінішке орай. Бұл жердегі ең маңызды нүкте - қажеттілік деп есептеймін. Мынадай жағдайды қарастырып көрейік, қазақша сайрап тұрған бала, мектепке де, жоғарғы оқу орнына түскенде де, ары қарай білімін тереңдету үшін орысша немесе ағылшын тіліндегі оқулықтар мен кітаптарды , ғаламтордағы материалдарды аударуы тиіс. Себебі, басқа елдердің саяси-экономикалық ғылыми әлеуеті әлдеқайда жоғарырақ. Ал осыған іспеттес қазақ тіліндегі ақпарат жиынтығы азырақ екені әркімге мәлім,өзімде студент болғанмын.
3) Шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының басымдылығы. Барлық кірме сөздер мен терминдер, оған қоса слэнгтерді есепке алатын болсақ, осы лексикалық элементтердің барлығы белгілі бір таңда, тілдік қорға әсерін тигізеді. Қазіргі таңда, қарапайым "Балапан" телеарнасының мультфильмдерінің қазақша аудармасының әсері , осы телеканалды жиі көретін балалардың таза қазақша сөйлеуіне септігін тигізді.Тура осындай оң импульстің арқасында, мүмкін осындай стильде жазылған қазақ мақаласы, басқа адамдарға да қазақ тілінде сөйлеу қазір керісінше "трендке" айналғанын тағы да дәлелдегендей тәрізді. Өзімнің блогымдағы алғашқы пікірлемені неліктен орыс тілінде жаздыңыз деген сауалға менің жауабым қарапайым. Себебі, yvision.kz порталының әлеуметінде орысша материалды көбірек оқырман оқиды. Яғни, қоғамда орысша мақалаларды оқитын адамдардың саны көбірек , ал қазақша мақаланы көп бөлігі түсіне бермейді, немесе қазақша мақала жазушы авторлар дұрыс қызықтыра алмайды, одан бөлек мұндай әрекетке қоғамның сұранысының аз болуы да әсер ететіндігі сөзсіз.
Енді айтылғанды қортындылайтын болсақ. Қазір 21 ғасырда ақпараттық ағымның ағысы өте қатты. Ақпаратты қазақ тілінде жеткізе білу, әрбір қазақстандық азаматтың міндеті деп білемін.Қазақ тілі мен қазақ мақаласының орны, салыстырмалы түрде деңгейі өсіп келеді. Қазақстандық руxтың куші әлі ақ өзінің тиісті нәтижесін көрсетер. Ең бастысы бар болайық,нар болайық, ірі болайық, тірі болайық, қазақ мақаласын қолдаушысының бірі болайық деген жалынды пікірмен ойымды аяқтайын. Ерінбей ақырғы сөзге дейін оқып шығып, оны түсінуге тырысқан оқырмандарға алғысымды білдіремін.Қызықты сұрақтарыңыз бен пікірлеріңіз болса, бөлісіп отырыныздар. Келесі ой толқынында кездескенше Қазақстандықтар !
