"Қазақстан менің туған Атамекенім"
Жиын барысында филиал төрағасының бірінші орынбасары: «Туған жер-әркімнің кіндік қаны тамған қасиетті мекені. Оның күні де, түні де, тау-тасы да, сарқыраған өзені мен жайқалған көк майсасы, еркелей ескен желі, шұрқыраған жан-жануары, шырылдаған құстары – бәрі де жаныңа ерекше ыстық, ерекше жақын», – деп атап өтті.
Ал, Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасында туған жер туралы: «Патриотизм кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталады. Адам баласы шексіз зерденің ғана емес, ғажайып сезімнің иесі. Туған жер-әркімнің шыр етіп жерге түскен, бауырында еңбектеп, қаз басқан қасиетті мекені, талай жанның өмірбақи тұратын өлкесі. Оны қайда жүрсе де жүрегінің түбінде әлдилеп өтпейтін жан баласы болмайды. Туған жерге, оның мәдениеті мен салт-дәстүрлеріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу – шынайы патриотизмнің маңызды көріністерінің бірі», – деген болатын.
«Туған жер-алтын бесігім» демекші, расында да туған жерсіз адамның күні жоқ. Оның суы, ауасы, даласы, жусаны, бәрі-бәрі ыстық. Осы туған жерімізде біздің балғын балалық шағымыз, мектептік өміріміз, өсіп өркендеуіміз жалғасады. Аспанда қалықтап ұшқан құстар, бүршік атқан ағаш гүлдері, самалды желі, күннің қызыл шапағаты, айналадағы өзен-көлдер, осылардың барлығы дерлік туған жерді құрайды.
