Мазмұнға өту
Обложка сообщества Әртүрлi

Қазақстан мен Малайзия дипломатиялық қатынасына – 20 жыл

Тәуелсіз тарихында Қазақстан дүние жүзінің 120 мемлекетімен дипломатиялық қатынастар орнатып, 64 халықаралық ұйымға мүше болды. Қазақ елі көптеген мемлекеттермен тек саяси серіктестік орнатып қоймай, әлеуметтік, мәдени һәм рухани қатынастарды берік сақтап келеді. Еліміздің егемендігін алғашқылардың бірі болып мойындап, ынтымаққа ниет танытқан мемлекеттердің бірі – Малайзия. Биыл екі ел арасындағы дипломатиялық қатынастың орнағанына – 20 жыл. Осы тарихи оқиғаға орай Малайзия елшісі Ахмад Расиди Бин Хазизи ұлттық арнаға арнайы сұхбат берді.

Малайзия Қазақстанның тәуелсіздігін 1991 жылдың 31-ші желтоқсанында мойындады. Содан бері ол Қазақстанның мұсылман әлеміндегі сенімді серіктерінің біріне айналды. 1996 жылы Куала-Лумпур қаласында Қазақстанның және Алматыда Малайзия елшіліктерінің ашылуы екі ел қатынастарына жаңа серпін берді. 2006 жылы Президент Нұрсұлтан Назарбаев Малайзияға ресми сапармен барып, сауда-экономикалық, ғылыми және техникалық ынтымақтастық жөніндегі келісімге қол қойып қайтқан еді. Ал, мынау былтыр маусымда Малайзия премьер-министрі Наджиб Разактың біздің елге жасаған алғашқы ресми сапары.
Нұрсұлтан Назарбаев, ҚР Президенті:
Біздің елдеріміздің мемлекет құрудағы тәжірибелері, екі елдің көп ұқсастығы, барлық жағынан, көп ұлттылығы экономикалық дамуының біркелкілігі және өндіріс көздерінің байлықтың барлығы бірдей боп келеді. Сондықтан, тәжірибе алмасуға үлкен мүмкіншілік бар.
Екі ел арасындағы сауда айналымы 2010 жылғы есеп бойынша 35%-ға өсіп, 107 млн. АҚШ доллары деңгейіне жетті. Екі ел арасында, әсіресе, білім саласында сенімді серіктестік орнады. Бүгінде Малайзияда 4 мыңға жуық қазақ студенті білім алып жатыр. Көпшілігі экономика және ақпараттық-технологиялар мамандықтары бойынша оқуда.
Ахмад Расиди Бин Хазизи, Малайзияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі:
Бүгінде Малайзиялықтардың кез-келгенінен Қазақстан туралы сұрасаңыз, барлығы танып, біліп жатады. Олар қазақ халқының қонақжайлылығына және Астананың сұлулығына тәнті. Жылдар өткен сайын екі ел арасындағы ынтымақтастық арта беретініне бек сенімдімін. Бүгінде екі ел арасында туризмді дамыту үшін жаңа жобалар қолға алынуда.
Туризмді дамыту мақсатында Малайзия Қазақстан азаматтарына біржақты негізде 30 күнге дейін визасыз режим енгізді. Қазіргі кезде Алматы мен Куала-Лумпур арасында аптасына тікелей екі рейс ұшады.
Ахмад Расиди Бин Хазизи, Малайзияның Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі:
Бірінші көргенде қазақтар салмақты болып көрінеді. Бірақ кейін жақын танысқаннан соң ашық, жарқын мінезді екенін байқадым. Біздің мінезіміз, сыртқы сипатымыз да ұқсас. Ынтымақтастығымыз арта берсін. Тілегім осы.
Қазақстан мен Малайзия ынтымақтастығының бір саласы – исламдық қаржыландыру. Ислам банкингін дамыту бағытындағы осы елдің тәжірибесін үйренуге біздің Үкімет үлкен қызығушылық білдіріп отыр. Қайтсе де, Қазақстанның экономикалық өркендеуіне малайзиялықтар үлкен сеніммен қарайды.
0
0
1498

Осы тақырып бойынша

Қазақстан мен Малайзия дипломатиялық қатынасына – 20 жыл - Yvision.kz