Қазақстан халықтық коммунистік партиясының Қазақстаның батысында орын алған қайғылы жағдайларға байланысты МӘЛІМДЕМЕСІ
Қазақстан халықтық коммунистік партиясының
Қазақстаның батысында орын алған қайғылы жағдайларға байланысты
Мәлімдемесі
Қазақстанның батысында 16 желтоқсан күні орын алған қайғылы жағдай бәрімізді қатты толғандырды. Мұнай өндірісі саласы жұмысшыларының бірнеше айға созылған ереуілінің туындаған проблемаларды шеше алмағаны - өкінішті. Бұл жағдайға компания басшылығы ғана кінәлі. Егер өндіріс иелері мен билік бұл мәселеге дұрыстап мән бергенде, аталған шиеленісті баяғыда реттеуге болар еді.
Біз бұл шиеленісті шешу үдерісіне араласқымыз келгенде, жағдайды саясиландырмау үшін наразылық бастамашылдары ұсыныстарымызды қабыл алмады.
Бүгінде біздің Жаңаөзендегі өкіліміздің хабарлауынша, мұнайшылардың өздерінің құқықтарын сақтау мақсатында ұйымдасып алаңға шығуы кезінде тәртіпсіздік пен бейберекетсіздік орын алған, нәтижесінде наразылық білдіруші топты басқару мүмкін болмаған. Жұмысшылардың өз құқықтары үшін күресу туралы бастапқы идеясынан бөлек жағдайлар туындап, адамдар опат болды, тонау және өртеу фактілері тіркелді.
Маңғыстауда қоғамымыздағы орын алып отырған әлеуметтік теңсіздіктер: байлар мен кедейлер арасындағы айырмашылық, жұмыссыздық, азық-түлік және бірінші кезекте қажет тауарлар бағасының қарыштап өсуі, көші-қон саясаты мен еңбек заңнамаларындағы кемшіліктер секілді т.б. проблемалар баяғыда пісіп жетілді. Сондықтан күш көрсетуге бірінші қадамды билік, әлде болмаса ереуілге шығушылар жасады ма, енді маңызды емес. Ерте ме, кеш пе қордаланған проблемалардың лап етіп сыртқа шығатыны белгілі еді.
16 желтоқсандағы жағдай қоғамымызға іріткі салды. Болған толқуға жай ғана қарама-қайшы емес, кереғар баға беріліп жатыр. Ақпараттың жетіспеуі – түрлі жорамалдар мен сыбыстарды тудыруда. Шиеленісті одан әрі ушықтырмау үшін және келіссөздерді қайта қалпына келтіру мақсатында, Жаңаөзен қаласындағы және жалпы Маңғыстау облысындағы ахуалды толық әрі жан-жақты түсіндіру қажет.
Билік қоғамның бақылауымен орын алған оқиғаға объективті түрде тергеу жүргізуді қамтамасыз етуі тиіс.
Үзілген келіссөз қайта қалпына келуі керек.
