«Қазақстан дауысы» жобасының үшінші тәлімгері ауысты

Медеу Арынбаевтың орнына Рүстем Нұржігіт келді. «Қазақстан дауысы» жобасының тәлімгерлері ауысты. Үшінші маусымда Медеу Арынбаевтың орнына Рүстем Нұржігіт келді. Бұл туралы «Қазақстан дауысы» жобасының директоры Кенже Жұманұлы хабарлады. Медеу Арынбаев осыған дейін екі маусымда қатысушыларға жетекшілік еткен.
Мамыр айында еліміздің төрт қаласында өткен арнайы іріктеу кезеңіне де қатысқан. Айта кетейік, жобаның алғашқы маусымында көрерменнің қолдауымен Нұрлан Албанның тобындағы Шахаризат Сейдахмет жеңіп шықса, биылғы маусымда Алмас Кішкенбаевтың тобынан Бауыржан Ретбаев «Қазақстан дауысы» атанды. Байқаудың ерекшелігі сол мұнда қатысушылар тек дауысқа сүйеніп, бақ сынайды.
Тәлімгерлер алғашқы тыңдау сынағында жүзден астам қатысушының ішінен үздіктерін таңдап, төрт команда құрайды. Финалға дейінгі әрбір кезеңде үміткерлер тәлімгерінен сабақ алады. Ақтық мәреге төрт үміткер қатысады, олардың ішінен үздік орындаушы SMS-дауыс беру арқылы анықталады. Бас жүлде – 5 миллион теңге. Жобаға 18-25 жас аралығындағы орындаушылар қатыса алады.
Ал, «Қазақстан дауысы» жобасының жаңа маусымы эфирге 20 қыркүйекте шығады.
