Мазмұнға өту
Обложка сообщества Әртүрлi

«Қазақстан Барысы» турнирі 4 шілде күні өтеді

Халықтың ыстық ықыласына бөленіп, жыл сайын көптің делебесін қоздырып, рухтандырып келе жатқан «Қазақстан Барысы» турнирінің өтетін күні белгілі болды.

Ұлт Көшбасшысы - Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың жүлдесі үшін қазақ күресінен «Қазақстан Барысы» республикалық турнирінің бесінші финалдық додасының өтетін күні Астана күні мерекесіне орай ұйымдастырылатын шаралардың тығыздығына байланысты басқа күнге ауыстырылды.

Осылайша, алтын «Тайтұяқ» пен чемпиондық белбеу иегерін, сондай-ақ, жылдың үздік жеңімпаз балуанын анықтайтын «Қазақстан Барысы» турнирінің финалдық жарысы Астана қаласындағы «Сарыарқа» республикалық велотрегінде 4 шілдеде өтеді.

Еліміздегі ең ірі дода «Қазақстан Барысы» турнирінің финалдық жарысына кіру билеттері келесі аптадан бастап сатылымға түспек.

Жобаны ұйымдастырушылар: Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының қоры, «Нұр Отан» партиясы, Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі, Астана қаласы әкімдігі, «Астана» Президенттік кәсіби спорт клубы, ҚР қазақ күресі федерациясы, «Қазақстан Барысы» қазақ күресін дамыту қоры.

Қазақ күресінен «Қазақстан Барысы» турнирінің 2015 жылғы барлық финалистері анықталды. Қазақстанның барлық аумағында өткен іріктеу жарыстарына бірнеше мың палуан қатысқан. Осылайша Астанада өтетін финалға іріктеуден өткен 32 спортшы мен 2014 жылғы «Қазақстан Барысы» бақ сынайды.

«Қазақстан Барысы-2015» турниріне қатысатын палуандар тізімі:

  • Ақмола облысы: Нұрлан Жамалов, Әсет Жүнісов
  • Ақтөбе облсы Бақтыбай Кісіков, Шыңғыс Шоқпұтов
  • Алматы облысы: Александр Касачев, Қазыбек Рамазанов
  • Атырау облысы: Табиғат Мағауияұлы, Наурызбек Өтеуов
  • Батыс Қазақстан облысы: Ерлан Мұсағалиев, Олжас Сүлейменов
  • Жамбыл облысы: Айбол Айтбек, Бейбіт Ыстыбаев
  • Қарағанды облысы: Ержан Шынкеев, Асыл Бәрменов
  • Қызылорда облысы: Нұрым Сәлімгереев, Руслан Әбдіразақов
  • Қостанай облысы: Ерлан Омаров, Максим Гербер
  • Маңғыстау облысы: Нұрдәулет Жарлығапов, Мейрамбек Жанабай
  • Оңтүстік Қазақстан облысы: Жұманазар Ерсұлтанов, Нұрсұлтан Мынғышов
  • Павлодар облысы: Арман Махамбетов, Алан Тұрысов
  • Солтүстік Қазақстан облысы: Рустем Жұмаев, Төлеген Жетпісбаев
  • Шығыс Қазақстан облысы: Айбек Нұғымаров, Талғат Әміренов
  • Алматы: Мақсат Кікімов, Бақыт Исмағұлов
  • Астана: Ғани Сейділдаев, Айбат Сейтен
  • «Қазақстан Барысы-2014» Мұхит Тұрсынов.

Кілемге шыққан палуандардың тілеуін тілеп, жыртысын жыртып, дем беріп отыратын қазақ күресінің жанашырлары бұл жолы да әдеттен жаңылмай, өз мықтысына медет береді деп сенеміз. Алды "Сарыарқа" велотрегінен, қала берді көгілдір экраннан қарап, ұлттық спортымыздың артында бүтіндей бір ел тұрғанын тағы бір рет көрсететін кез келді. Жығылғанды жер көтереді, жарыстан тек нағыз мықты оза шапсын!

0
0
647

Осы тақырып бойынша