Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

Қазақ мифологиясының бас жәдігері - қамшы

- деп басталатын “Ақ дидарға” әнінен қазақтың салт-дәстүрінде, тұрмыс-тіршілігінде ерекше орын алатын заттың бірі қамшы аталып өткен. Қазіргі заманда қамшы мал айдарға, ат айдауға қолданылатын құрал ретінде қабылдаймыз. Алайда қамшы сөзінің де астарында қасиетті мағнасы жатыр.

Қазақ халқында тіл жетпейтін, айтуға ауыз бармайтын, табу сөздерді жеткізу үшін қамшыны қолдану кең тараған. “Қамшы сабы сынса – әйел өледі, пышақ сабы сынса – күйеу өледі”, деген ырым да кездеседі. Жиренше шешеннің әйелі Қарашаш сұлудың өлімін естіртуде қамшының сабының сынуымен байланысты аңыз әңгімелер де көптеп тараған. Сонымен қатар, қазақ дәстүрінде қызға құда түсіп келген жұрт қамшысын үйдің төріне іліп қоятын болған. Киіз үй төріне қамшыны тек үй иесі ілетіндіктен, келген кісі төрге ілген қамшысын көргенде үй иесі құда түсіп келген адамдар екенін бірден түсінген. Ал қазақи этикада үйге кірген басқа кісі қамшысын алып кірмейтін болған. Оның себебін дана халық былай түсіндірген: қамшы – көшпелі қазақтар арасында биліктің символы болған және ол қағида отбасында да ойдан шығарылмаған. Үйге кірген қонақ үй иесіне құрметін білдіріп, қамшысын сыртта қалдырып, отағасының билігіне бас иген. Сонымен қатар қазақтар үйдегі ілулі тұрған қамшының санына қарап, жасалу тәсілі мен материалына қарап үйде неше бала бар екенін, қандай шаруамен айналысатындығын айыра білген.

“Қамшының сабындай қысқа өмір.” деген халық даналығы тек қамшы сабының қысқалығына қаратылып айтылмаған. Бүгінгі таңдағы лингвистикалық талдауға жүгінсек қамшы сөзі -қам түбірінен шыққан, ал -шы сөз тудырушы жұрнақ болып табылады. Қазақ сөздік қорында қам түбірі жеке қолданылмаған, алайда, туысқан түркі тілдес халықтар арасында (тува, алтай, сары ұйғыр, хакас) қам сөзі бақсы мағынасын берген. Лингвисттер қамшы сөзі о бастан бақсы, шаман мағынасында қолданылып, кейн келе зат атауына айналған деген болжам жасайды.

Қамшының бақсылармен байланысы қазіргі заманға дейін сақталған десек те қателеспейміз, өйткені қамшымен емдеу дәстүрі он тоғызыншы ғасырларға дейін жалғасып келген. Қамшы – бақсылардың асатаяққа дейін қолданған киелі құралы болған. Қамшы арқылы зұлым күштерден арылу мотиві қазақ мифологиясында көптеп кездеседі. “Ежелгі Қазақстан мифтері” кітабында қамшының құдіретін жылқы тотемі немесе зооастризмімен байланыстырады. Қамшы сөзі ең бірінші адам санасына шабандозды салады, дәл солай қамшының мифтік құдіретті құралға айналуын қазақ мифологтары жылқының құдіретті болған шағына байланыстырады. Олардың айтуынша жылқының терін сіңірген қамшы, жылқының тылсым күшіне ие болған дейді. Сондықтан да, жын-шайтандарды, албастыны қууда қолданылған жылқының орнына қамшыны да қолдануға болатын болған. Қамшыны әйелдің бас жағына іліп қоятын болған, жаңа туылған баланың бесігінің астын бастырып немесе іліп қоятын болған. Оның бәрі қамшының құдіретті күшіне сенуден туындаған мифтік сана десек те болады.

Тағы бір болжам бойынша қамшы, қам, яғни бақсылардың бара алмайтын жеріне негізгі қаруын жіберу арқылы адамдарды емдеуге тырысқанынан пайда болған сөз дейді. Сол қамның көмекшісі ретінде саналып қамшы атауын алған деседі.

Қазақ тілінде қамшы туралы мақал мәтелдер мен тұрақты сөз тіркестері жиі кездесуі оның халық өмірінде маңызды орын алатынына дәлел болса керек. Оларды академик І. Кеңесбаев жинақтап, оларды түрлеріне қарай жіктеген. Мысалы, “басына қамшы ойнатты” – қорлады, зорлық-зомбылық көрсетті; “дау төрт бұрышты, қамшы екі ұшты” – дау-дамайдың себебі әртүрлі болғанымен, шешімі екеу ғана, не ақ, не қара; “қамшы білемдеу” – қыр көрсету; “қамшы құрлы көрмеу” - еш ауырсынбау; “салт басты, сабау қамшылы” – жалғыз басты, үйленбеген адам; “ағаш қамшы көп болар, аттанарда жоқ болар” – әдетте көп, керек кезде жоқ.

Демек, қамшы атауы сонау жылқы тотемінің қолданыста болған уақытта пайда болып, кезінде бақсы мағынасын берсе, қазір ол құрал атауын алып, мифтік танымын жасырған. Алайда, тілдік қорда сақталған лексикалық бірліктердің арқасында оның о бастағы түпкі мәнінің анықтап, оның қазақ халқының ұлттық психологиясына қалай әсерін қалдырғанын байқадық.

Қамшы этнонимін қайта жаңғырту мақсатында, бір кезде мектептердің еңбек сабағында қамшы өруді үйреткендер де табылған еді. Шіркін сол бастама жалғасын таппай, тоқтап қалды. Қазақтың киелі қамшысын жас өркендер санасына сіңіру мақсатында, еңбекке баулу сабақтарында ұлттық жәдігерлерді жасау және олардың терең мағнасын үйрету қолға алынуы керек.

0
0
1761

Осы тақырып бойынша

Қазақ мифологиясының бас жәдігері - қамшы - Yvision.kz