Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

Қазақи тамақтанудағы 3 қателік

Франция. Қытай. Италия. Индия. Греция. Бұлардың бәрі "біздің ас үй ең жақсы" деп жарысып жатады. Біз болсақ, қазақтың ас үйін жанымызға жақын қойып, "біздің дастарханға, шіркін, не жетсін!" деп қоямыз. Алайда қазақи тамақтану үрдісінде де кемшіліктер баршылық...

1. Ет пен нан

Қазақ халқының тамақтану тарихын еске алсақ, бесбармақтан бастап тағамдардың көбісі ет пен ұн өнімдерінен жасалынатынын байқаймыз. Ұн өнімдерінің құрамында көмірсу басым. Ал ет өнімдерінде ақуыз басым.  Демек, бесбармақпен бірге адамның асқазанына бірдей уақытта ақуыз да, көмірсулар да түседі.

Американдық профессор Говард Хейдің айтуынша, адам асқазанында күрделі көмірсулардың қорытылуы үшін аз сілтілі орта қажет болса, ақуыздардың қорытылуы үшін қышқыл қажет. Доктор Говард Хейдің теориясы бойынша, көмірсулар мен ақуыздар асқазанға бірдей уақытта түссе, ас қорыту жүйесінің жұмысы баяулайды.  Көмірсуларды жаңқалайтын фермент амилаза мен ақуыздарды жаңқалайтын фермент пепсин бір-біріне қарсы әрекет етеді. Осының салдарынан асқазанда ауырлық сезімі, ұйқышылдық, шаршау пайда болады.  Сондай-ақ, зат алмасу процесі де баяулауы мүмкін.  Оның артында артық салмақ пен асқазан аурулары да бар.

 

2. Сүтті шай

Ең алғаш шайға сүт  қосуды ойлап тапқандар - ағылшындар. 17-ғасырда Англияда шайды өте жұқа әрі нәзік фарфор кеседен ішетін болған.  Ыдысты ыстық шаймен сындырып алудан қорыққан ағылшындар алдымен кесеге жылы сүтті, кейін ыстық шайды құятын болған. Сүтті шай қазақтардың ыстық ықыласына бөленіп, сүйікті сусынына айналды. Сүт пен қара шайдың химиялық байланысына келетін болсақ, 2006 жылы Германияда жүргізілген эксперимент барысында  сүттің қара шайдың жүрек ауруларынан қорғау функциясын жоятындығы анықталды. Зерттеу жұмысы барысында қарай шай артериялардың икемділігін сақтауға, қан қысымын қалыпты деңгейде ұстауға септігін тигізетіндігі белгілі болды. Бұл процесске катехин жауап береді. Ал сүттің құрамындағы ақуыздар катехиндерді байланыстырып, тиімділігін төмендетеді. Сүтті шайдың басты кемшілігі - осы. Сондықтан қан қысымын қалыпқа келтіру, бас ауруларын жазу мақсатында сүтсіз шай ішкен абзал.

 

3. "Нансыз тамақ - тамақ емес"

Бидайдың дәні - құрамында A, E, F, В группасының витаминдері, мыс, мелен, магний, кобальт, цинк, хлор, натрий, кремний, марганец, калий, йод т.б. минералдар бар өнім. Алайда бұл пайдалы заттардың бәрі дәннің қабығы мен ұрығында орналасқан. Өкінішке орай,  бидайды заманауи өңдеу процесстерінің нәтижесінде бидайдағы барлық пайдалы заттар қоқысқа тасталып, соңында крахмал мен калория қалады. Элиталық болып есептелетін жоғары сұрыпты ұн дәл осы крахмал мен калориялардан тұрады.  Бидайдың құрамындағы пайдалы элементтердің 30%-дан кемі қалады. Оның өзі бір-екі аптада белсенділігін жоғалтады.

Ақ нанды және ақ наннан жасалған өнімдерді жиі пайдаланатын адамадарда жүрек тамыры, асқазан-ішек, эндокринді және онкологиялық аурулар жиі туындайды.  Дамыған елдердің бірінде өткен зерттеу жұмысындағы экспериментке 60 000-нан аса әйел қатысқан болатын. Зерттеудің қорытындысы бойынша  жоғарғы сұрыпты ұннан жасалған өнімдерді күнделікті тұтынған әйелдерде  ұн өнімдерін аз қолданатын әйелдерге қарағанда қант диабетіне шалдығу үрдісі 3 есе жиі дамығаны белгілі болды. Аталмыш ғылыми деректерді ескере отырып, ақ нанды және ақ ұннан жасалған өнімдерді сирек тұтынғаныңыз жөн.

Тамақтану адам өмірінің ұзақтығына және сапасына тікелей әсер етеді. Өкінішке орай, заманауи тағам өнімдерін жасау индустриясы капиталистік ұстанымның нәтижесінде адами моральды шетке ысырып, ағзаға пайдасыз өнімдерді ұсынуда. Сондықтан өзіңіздің және жақындарыңыздың болашағына бейжай қарамайтын болсаңыз, біріншіден, дүкен сөрмелерінен дұрыс тағам таңдай білуіңіз керек. Ал, екіншіден, дұрыс тамақтанудың ережелерін сақтағаныңыз абзал.

 
0
0
1451

Осы тақырып бойынша

Қазақи тамақтанудағы 3 қателік - Yvision.kz