Қазақ асығы алшысынан түскен күн
Кеше Астанада асық атудан республикалық ашық турнир болып өтті.
Жарыс шымылдығын ашқан ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының президенті Бекболат Тілеухан асық спортының ата-бабамыздан қалған дәстүр екендігін баса айта келе, бұл спорттың демократиялық спорт түрі екендігін, мұнда еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін ойнауға мүмкіндіктің барын айтып, қатысушыларға жеңіс тұғырынан көрінуіне өз тілектестігін білдірді.
Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің спорт кешенінде ұйымдастырылған бұл турнирге еліміздің барлық облысы мен Астана және Алматы қалаларынан барлығы 16 команда өзара бақ сынасты.
Жарыс барысында екі топқа бөлінген: 16-ға толмаған және 16-дан асқан спортшылар арасында қызықты бәсеке өрбіп, қатысушылардың үлкені бар, кішісі бар намысты қолдан бермеуге тырысты. Ақырында ұлттық спортты сүйер қауымның арқасын қоздырған бұл сайыста Маңғыстау облысынан келген қос қатысушы екі топта жеңісті қолдан бермей, өзгелерден оқ бойы озып шықты.
Асанов Руслан - 16 жасқа дейінгі топтың 1-орын иегері:
«Бұл ірі сайысқа жақсы дайындықпен келдік. Бізді дене шынықтыру пәнінің мұғалімі бар білгенін үйретіп, әбден дайындады. Ол кісі мектепте сабақтан тыс, асық атудан қосымша сабақтар өткізеді. Сол кісінің сенімін ақтап, әрі өз еңбегіміздің де зая кетпегеніне қуаныштымыз. Алда да ірі жарыстарға қатысу ойымызда бар. Жалпы, бізде Ақтау қаласында жылына асық аутдан 30 рет жарыс өтеді. Сол жарыстың барлығынан қалмаймын, тек қатысып қана қоймай, үнемі бастапқы орындарды иеленіп жүрмін. Бұл спортты ешқашан тастамаймын!».
Нұғманов Болатбек - 16 жастан кейінгі топтың 1-орын иегері:
«Өз басым асық атумен кішкентай күнімнен бастап айналысамын. Қазір де қызығушылығым зор, алдағы уақытта да тастамаймын. Себебі, бұл ата-бабамыздың аматан етіп кеткен дәстүрі, асық атуға бей-жай қарауға болмайды. Жалпы, біз Маңғыстау өңірінен екі қатысушы келіп, екеуміз де өз тобымызда бірінші орындарды иелендік. Соған қатты қуанып тұрмын. Мақтанбай-ақ қоялық, дегенмен мұнда бізге лайықты қарсылас табылмады!»
Жарыс нәтижелері:
16 жасқа дейін:
1. Асанов Руслан (Маңғыстау облысы)
2. Жаманбайтегі (Астана қаласы)
3. Өтетілеу Ілияс (Қызылорда облысы)
16 жастан кейін:
1. Нұғманов Болатбек (Маңғыстау облысы)
2. Ахметәлім Дархан (Жамбыл облысы)
3. Марат Айбек (Павлодар облысы)
Көпшілікті өз өнерлерімен тәнті еткен қос маңғыстаулық өреннің шеберлігін ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының президенті Бекболат Тілеухан да ерекше атап өтіп, Астанаға алыстан ат артып келген жеңімпаздар мен олардың жетекшілеріне өз алғысын білдірді:
«Сонау Каспийдің жағасында жатқан Маңғыстаудан арнайы Астанаға келген спортшыларымыздың осындай айырықша өнер көрсеткендеріне ерекше рахметімізді айтамыз. Жақсы дайындықпен келгендері көрініп тұр, киімдері де, ойнау мәнерлері де ерекше. Екеуі де бас жүлдеге лайықты өнер көрсетті. Жалпы, асық атудың кәсіби мектебі Маңғыстауда. Міне, осы екі бала сол мектептің мықтылығын баршаларыңызға дәлелдеді».
Сайыс соңында қатысушыларға ақшалай сыйлықтар мен мақтау қағаздары табыс етілді.
Марапаттау рәсімі соңынан сөз алған Бекболат Тілеухан: «Бұл жерде бір жеңімпаз салтанат құрған жоқ, бұл жерде қазақтың асығы алшысынан түсті. Асық жеңді, дәстүр жеңді, ұлттығымыз ұлықталды!»-деп, келген қонақтар мен қатысушыларға өз ризашылығын білдірді.
Республикалық деңгейде алғаш рет өткізіліп тұрған бұл жарысқа Ермахан Ыбрайымов, Қыдырәлі Болманов, Қайрат Нұртас, Мұхамеджан Тазабеков, Мұхтар Ниязов секілді ұлттық спорт десе ішкен асын жерге қоятын бір топ азаматтар өз қолдауларын білдіріп, асық ату шеберлерінің өнерін басынан аяғына дейін тапжылмай тамашалағандығын айта кетейік.
