Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

Қазаққа жат ұғым һәм қасиет

Бұл ата-ана мен перзент арасындағы тығыз, ерекше, басқа ештеңемен өлшенбейтін құнды байланыс. Сол себепті де болар, халқымызда «ата-ана» ұғымы қашанда киелі.

Иә, біреудің ала жібін аттауды, баласын жетімдер үйіне, ата-анасын қарттар үйіне өткізуді, жетім ақысын жеуді, аяулы жандарға қорлық көрсетуді, білмеген, бойынан таса ұстайтын биязы, момын алаш жұртына не болды? Қандай күш әсер етті? Дәл осылай төтесінен сұрақ қойып отырғанымыздың себебі, бұқаралық ақпарат құралдарынан, әлеуметтік желілерден күнделікті естіп, көретініміз осы. Осылардың қатарындағы ең сорақысы ата-анаға деген құрметсіздік.

«Ата-ананың қарызы, ұрпақтың өмірлік парызы» - демей ме халқымыз. Ал, жарық дүниеге келіп, ғажап әлеммен танысуымызға ең әуелі Жаратушы, одан кейін ата-аналарымыз себепкер емес пе?! Демек, осы өмірге келуіміздің өзі олардың алдында борыштар екеніміздің дәлелі. Расымен, қарттар үйінің салынып, ондағы қазақ азаматтарының көбеюіне не себеп? Ата-аналар ол жерді өздері таңдай ма немесе шарасыздан баласының жасағанына көне ме? Қазақ жастарының, аға буындарымыздың олай жасауына не себеп?

Алдымен ата-ана тұрғысынан қарасақ, әлбетте кім қартайғанда қарттар үйін паналағысы келеді дейсіз. Барлығы да, балалары мен немерелерінің қызығын тамашалап, бейнетінің зейнетін көргісі келеді. Демек, ата-аналар амалсыздан балаларының айтқандарына көнеді. Егер, шындығына келетін болсақ, ондай іске баланы ең әуелі не итермелейді? Осы сұрақтың бірінші жауабы – тәрбие.

«Ата–ананың тәрбиесі – бала мінезінің іргетасы» деген екен кеңестік педагог Антон Семенович. Әлбетте, ата-ана жас кезінде баласының тамағы тоқ, киімі бүтін болғанын қалап, қызметте жүріп, баласына тәрбие беру жағын ақсататып алуы мүмкін. Ал, ертеңінде перзенті мүлде басқа адам болып шығып жататын жағдайлар осының дәлелі. Бұл бір жақты ой. Ал екінші жағынан қарасақ, «Ата- анаң жынды болса, байлап бақ» деген сөзді әрдайым көкейде ұстауға тура келеді. Себебі, бұл сөздің астарында да, біршама ой жатыр. Қазақ заманынан мұсылман халық болғандықтан, оның дінімізде де үкімі бар. Яғни, қандай жағдай болмасын ата-ана – сенің өміріңнің ажары, келбеті. Оның жас сәбидей мейірлене қарайтын күлкісі мен сенімі, тілеуі – сенің бұл өмірдегі басты жетістігің.

Жоғарыда қойған сұрағымыздың екінші жауабы – салиқалы отбасы. Әрине, бала өсіп өңген соң, ер жеткен соң, бөлек отау, бөлек мемлекет құрады. Ол – отбасы. Оның құрамы да бізге белгілі. Осы тұрғыда көпшілік «Неге отбасы?» деп таңырқауы мүмкін. Ал, оның жауабы, ата-ана қартайған шағында баласының отбасымен ғұмыр кешеді. Әлбетте, басқа елдердегідей, тіпті өзіміздің елде де ата-анасы бөлек тұрып, өмір сүретін жағдайлар кездесуі мүмкін. Бірақ көбінде ата-ана баланың, ер баласының, кенжесінің қолында қалғанды дұрыс санайды.

Отаудың иесі – ер азамат болуы, қалған мүшелері оған бағынуы, түрлі келеңсіздіктің алдын алады. Біз атап отырған мәселеде де. Сондықтан, Жұмақтың кілті ананың аяғының астында екенін, өмірдегі ең басты мақсаттардың бірі ата-ана разылығы екенін ұмытпай, соңғы демі қалғанша анасы мен әкесіне қамқоршы болу баланың, нағыз ер азаматтың міндеті.

Ата-ана – егіз әрі қасиетті ұғым. Кез-келген саналы ұрпақтың басты міндеті ата-анасына құрмет көрсету. «Әке-шешесі қолында қартайып, жәннатқа кіре алмағанның жағдайы қандай өкінішті» - деген мағыналы сөздер де бар. Расымен де, қысқа ғұмырымызда қолымыздағы барды қадірлейік. Шəкəрім Құдайбердіұлы дәл осы өмірдің қысқалығын:

«Өмірдің басы - бала, ортасы - адам,

Қартайып, шал болған соң кетті шамаң.

Мақтап жүрген өмірің осы болса,

Үш-ақ ауыз өлеңмен болды тəмəм!» - деп, сипаттап өткендей, көзді ашып жұмғанша өте шығатын саналы ғұмырымызда, ата-анамызды сыйлап, бағалауымыз, оларды қадірлеуіміз қажет. Ол өз кезегінде, өміріміздің қуаныш пен жеңіске толы болуына, сәттіліктің бойымыздан арылмауына да септігін тигізеді.

0
0
376

Осы тақырып бойынша

Қазаққа жат ұғым һәм қасиет - Yvision.kz