«Қазаққа қымбат есім» деректі фильмін көруді ұсынамыз
Кеңес Одағының Батыры, Халық қаһарманы Сағадат Нұрмағамбетов туралы «Қазаққа қымбат есім» атты деректі фильмді бүгін 18:50-де назарларыңызға ұсынатын боламыз.

Әскери қайраткер, армия генералы, Қазақстан Республикасының тұңғыш қорғаныс министрі, «Халық қаһарманы» Сағадат Қожахметұлы Нұрмағанбетов 1924 жылдың 25 мамырында Ақмола облысы Еңбек ауылында дүниеге келген. 2013 24 қыркүйегінде Алматыда дүниеден өтті.
Сағадат Қожахметұлы армия генералы емес, география және тарих пәнінің мұғалімі болуды армандаған екен. Бұл пәндерге деген ықыласы да ерекше ауған. Жұмулы көзбен ол әлем картасынан кез келген жерді көрсетіп беретін.
Сол кезде ол картаны көрсеткіш таяқшамен емес, Еуропаны жаудан азат ете отырып, барлық қала мен даланы өзі жүріп өтетінін, кейіннен жас мемлекет үкіметінің мүшесі ретінде бүкіл әлемді шарлайтынын қайдан білсін?
Сағадат Нұрмағамбетов бейбіт заманда да алдыңғы қатарда болды. Қазақстандағы әскери құрылым оның қатысуынсыз өтпеді. Ол – Республиканың әскери басшыларының тарихын, Тәуелсіз елдің Қорғаныс министрлігін құрған жан.
1942 жылы ол әскер қатарына шақырылады. 1-Белорус майданында, Солтүстік Кавказ, Украина, Молдавия, Польша, Германия майдандарында соғысады. Пулемет взводын, ротаны, 5-екпінді армияның атқыштар батальонын басқарды. Гитлер канцеляриясын шабуылдауға қатысып, соғыстың нацистер көсемінің кабинетінде аяқтайды. Бұл туралы батыр былай деп еске алады: «Қалың кілем, үстел, глобус – миллиондардың ажалына себепші болған, бүкіл әлемді билегісі келген адамнан бар қалғаны осы. Кабинетте ұзақ бола алмадым... «Соғыс кеңсесі» жер бетінен жойылды. Оның орнын көзге шалынар-шалынбас төбешік қана басты...»
Сағадат Нұрмағамбетов 1946 жылы Әскери академияны, 1981 жылы Бас штаб академиясын бітіреді. 1950-1989 жылдары – Азаматтық қорғаныс штабының бастығы, Орта Азия әскери округы әскерлері бастығының орынбасары, Оңтүстік әскер тобы (Венгрия) бастығының бірінші орынбасары болды. 1990 жылдан ҚР соғыс, еңбек және Қарулы күштері ардагерлері Кеңесінің төрағасы, 1991-1992 жылдары Қазақ КСР Мемлекеттік қорғаныс комитетінің төрағасы қызметтерін атқарды. 1992-1995 жылдары ҚР қорғаныс министрі лауазымына иелік етті. КСРО, Ресей, Украина, басқа да мемлекеттердің ордендерімен марапатталған.
