ҚазҰУ сыйлаған мүмкіндік
Студенттік ғұмыр. Бүлдіршіннің бала бақшадан мектепке асыққан құлшынысындай білім ордасында күн санап жүрген оқушылардың студенттік өмірге деген жұлқынысы сол шамада кеуделеріне қонары анық. «Айналайын» деп басыңнан сипап келе кітаптың ішіндегі білімді санаңа ілмек үшін соңыңнан жүгіретін ұстаздың қадірін білмей, мектеп партасында отырғанда талайымыз ойша студенттік ғұмырымызды көз алдымызда өрбіттік. Ол көріністер барысында біріміз кеудемізді кернеген мақтанышты сезінсек, енді біріміз қос қолыңды екі жаққа сермеп алдыңнан ескен самалды тұтас құшағыңа сыйдырғандағы еркіндікті кештік. Енді біріміз ішкі «мен» адам дамуының ең биік сатысына жетіп, жан-жақты, қабілетті болған күйімізді көзге елестетсек, кейбіріміз үшін жоғарғы оқу орнын көкірегімізге өзімізді ересек күйге бөлейтін фактор ретінде түйдік. Рас, бәрі өз ойлағанымыздай болды. Оқу орнын алғаш аттағандағы мақтаныш та, ата-ананың көзінен таса еркіндік те, әртүрлі жағдаятқа жетік жан-жақтылық та, өзімізді ересек адамның кейпінде ұстау да бойымызда қалыптасты. Дей тұрғанмен, осынау сезімдермен астасып «жауапкершілік» және «міндет» ұғымының желкеңе жүк боп жабысатынын қалай ой елегінен өткізбегенбіз? Қазір сол парта үстіндегі қос қолыма «Қазақ әдебиеті» кітабын ұстаған өзімді елестетсем, «Ақымақ-ай, барыңды қадір тұт» деген кеңес берер едім.
Рас, студенттік ғұмыр – үлкен өмір мұхитына желкеніңді бұрарда сені шынықтырар бірден бір айдын. Оның әр сәтін мейлінше тереңірек, саналы сезінген студент алда күткен аумалы-түкпелі, қиын-қатпары көп өмірге нұсқаулық алғандай көрінеді өзіме. Өйткені, нағыз өмірде кездесер сатқындық, сыртыңнан пышақ сұғу, еріншектік пен жалқаулық, мазасыздық пен жасықтық, жігерсіздік, өзіңді ерек сезіну мен өзгеден биік сезіну, аталған сезімдердің бәрінің бір пұшпағын осы қысқа ғұмырда нақ сезінесің. Сені шымыр етеді, жаңа қағидаға дағдылайды. Бірақ, оның барлығына тек өзің жете алмасың анық. «Жетістікке жалғыз жетуге болады» дегендерге қарсы шыққаным емес бұл, жай, өз тәжірибемде жан-жағымнан қолдау таппағанда мұндай қысымға шыдай алар ма едім, кім білсін?
Біздің әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінде 18 факультет және әр 18 факультеттің өзіне тиесілі жатақханасы бар. Студент үшін ең бір мерейлі, ыстық сәттердің бір бөлігі үшінші үйіңдей боп кеткен осынау жатақханада орын алады-ау, сірә. Әсіресе, өз жатақханаңа кіріп барғанда сезінетін көңіл-күй өзіңе тым таныс болса. Неге дейсіз бе? Бәлкім, бұл жатақхананың өзгелерден айырмашылығы қандай деп отырған шығарсыз. Ендеше айтайын, ҚазҰУ қалашығында әр жатақханаға тек бір факультет аясындағы студенттер ғана орналасқан, яғни мен журналистика факультетінде оқитындықтан менің жатақханамда тек өз тілеулестерім. Жоқ, мен өзге факультетті немесе мамандық иелерін кемсіткенім деп түймеңіз мұнымды, тек ондағы қозғалатын тақырыптар, өрбитін әңгімелер мен орын алатын оқиғалардың бәрін өз болашақ әріптестеріңмен сезінгенге не жетсін? Талқыланар тақырыптар таусылмайды, ойыңды алыстан орағытпай астарлап түсініп алатындар тағы бар. Сенің кешкен күйіңді, жағдайыңды өзіңмен дәрежелес ойлап, өз күйіңде сезіне алатын жанашырларың іспеттес. Тіпті, белгілі бір іс-шараға дайындық барысында да тез тіл-табысуға болады. Өйткені, саған ұнайтын нәрсе көп жағдайда оған да ұнайды. Кейде оқуыңның балы ойыңдағыдай шықпай я қандай да бір әділетсіздікке душар болғанда, я бір жағдайды бастан кешіргенде осында асығатынымыз да содан болар. ҚазҰУ-нің ең бір сыйлаған үлкен мүмкіндіктерінің бірі қандай десе, ойланбай-ақ осыны атар ем.
Қарағұлова Ақшағала Бақытжанқызы
Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университеті,
Журналистика факультеті, 2 курс.
