ҚазҰУ студенттері "АНА ҮЙІ" қоғамдық қорына көмек көрсетті
Жақсылық жасау үшін сіз міндетті түрде бай, ақшасы көп адам болуыңыз қажет емес. Бастысы, сіздің тілек- ниетіңізде деп ойлаймын. Қазіргі уақытта қамқорлық пен қолдауға мұқтаж болған, көңілдерін шер, қабақтарын мұң басқан, қайырымды адамдардан мейірімділік, алақандарынан жылулық сезімін күтетін жандарды күнделікті өмірде жиі кездестіреміз. Бүгін сол қамқорлыққа мұқтаж болған "Аналар үйі" қоғамдық қорында болып қайттық. Аналарымыздың күліп жүргені, қуанғаны жақын жандарға, өзінің балалары мен ер азаматына қаншалықты күш қуат беретінін білесіздер ме?! Ана күлкісі- ол бір баға жетпес,сарқылмас энергия. Мұғалімді де, алыпты да, ақынды да дүниеге алып келген аналар. Осы арада айта кететін жайт "Аналар үйі" ер азаматтардың қара күш, төгілген тер мен еңбектеріне мұқтаж.Соған орай 8 наурыз Халықаралық әйелдер күнімен құттықтауға және көмек қолын созуға физика техникалық факультеті, жылу физика және технкиалық физика кафедрасы «Жылу энергетикасы» мамандығы студенттері "Аналар үйі" қоғамдық қорына барып қайтты. Сенбілік жасап, көктемгі егісті қазып, жазға егін алқабын дайындауға көмектескен студенттерге үй тұрғындары алғыстарын білдірді.
Қазақстан бойынша 19 қалада 24 ана үйі және әр үйдің қаржыландыратын бір меценаты бар. Алғашқы «Ана үйі» Астана қаласында ашылған. Пилоттық жоба ретінде қаралған қоғамдық қордың мақсаты – жетімдер үйіне балалардың көп түспеуіне атсалысу. Біз барған Алматы қаласындағы «Ана үйі» 2013 жылы мамыр айында ашылған.
Қоғамдық қордың басты мақсаты – қиын жағдайға тап болған әйелдерге психологиялық кеңестен бастап, уақытша баспанамен қамтамасыз етуге дейінгі жан-жақты қолдау көрсету. Сондай-ақ, жалғыз басты аналарға кәсіптік білім беру бағыты да қарастырылған. Әрі тәжірибеден өтіп, жұмыспен қамтылуына да барынша көмек көрсетіледі. Яғни, бұл орталық жүкті немесе нәрестелі әйелдерді өтпелі кезеңнің сынағына шыдап, «көкек ана» атанбауға шақырады. Және сол мақсатта аянбай еңбек етуге дайын.
Екі қабатты зәулім үй биік дуалмен қоршалып, аулаға тас төселіп, есік алдына орындықтар қойылыпты. Ал үйдің ішіне енгенде, дәліздегі қабырғалардың балаларға арналып безендірілгенін көзіміз шалды. Жалпы, үйдің іші-сыртына бейнебақылау құрылғылары орнатылған. Нысана 24 сағат бойы күзетіледі. Мұнда үйлестірушінің кабинеті мен тігін шеберханасы және жеті бөлме қарастырылған. Әр бөлмеде 3-4 жас ана сәбилерімен тұрады екен. Сонымен қатар, үйлестірушіден бөлек, мұнда медбике, екі психолог, тігін шебері және шаруашылық меңгерушісі әрі жүргізуші мамандары таңертеңнен кешке дейін еңбек етеді. Сол сияқты ас үйге де барлық қажетті жабдықтар қойылған. 10 орынды үстелге жас аналар екіге бөлініп тамақтанады екен. Жалпы, мұндағы жас аналарға барлық жағдай жасалған. Тұратын жер де, тамақ та, нәрестелердің киім-кешегі де – барлығы тегін. Тек жас аналар бөпелеріне жақсылап қараса болғаны. Ал, егер балаларына дұрыс қарамай, шылым шегіп, ішімдікке әуестеніп, жеңіл жүріске бой алдырып, тәртіпке бағынбаса, оларға қатаң жаза қолданылады. Яғни, бұл жерден шығарылып, ана үйінің босағасын екінші қайтара аттай алмайды.
Жалпы, Алматыдан бөлек, бүгінде «Аналар үйі» еліміздің 18 қаласында бар. Яғни республика бойынша 24 баспана ашылып жас аналар сәбиімен бірге сол жерлерді паналауда. «Аналар үйі» баласы бір жарым жасқа келген кезде яғына тік тұрған жас аналарды үлкен өмірге шығарып салады. Ал оған дейін мұндағылардың барлығы бір отбасыдай болып, күнделікті тіршіліктерімен айналысып, балаларына тәрбие беруде.
Небір қиын күндерді бастан кешіріп, жанарлары жасқа толса да, салы суға кетпеген жас аналардың жігерлерін жанып, өмірге деген құлшыныстарын арттырып, болашаққа деген үміт отын одан әрі жандырып отырған «Ана үйі» жобасы әрі қарай да жанданып, жасай бергей!
Bakytzhan Rakhat, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, оқытушы
Bakytgul Boloskhankyzy, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, оқытушы
Moldir Kantayeva, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, оқытушы
