Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

ҚАЗҰУ ға КЕЛ, ЖАС ТҮЛЕК!

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің білімгері атанғаныма да үш жылдың көлемі болды. Бұл оқу орнын бала күнімнен армандадым. Алла қолдап, білім грантын иеленіп, арманымдағы оқу ордасына түстім. Еңсесі биік, мен мұндалап шақыратын биік ғимараттарды көргенде, жақсы білім алып, болашаққа деген жоспар құрылатын.Өйткені, бұл жердің атмосферасы мүлдем бөлек. Талай ұлы тұлғалардың табаны тиген, дәрістері тыңдалған аудитория әлі күнге дейін сақтаулы. Солардың салып кеткен жолымен жүргім келеді. Біздің университет Алатаудың етегінде шағын қалашық. Таудан соққан салқын леп, қаз-қатар бой түзеген шыршалар қалашыққа көрік беріп тұрады. Ол қалашықтың табалдырығын аттасаңыз нағыз студенттік өмірдің тіршілігін көресіз. Білім алушылардың барлық жағдайын жасап қойған. Интернет орталықтары, студенттерге қызмет көрсету орталығы, әсемдік салондары, демалыс орындар өте көп. Қызмет көрсету ақысы студенттердің қалтасы көтеретіндей өте арзан және тиімді.

Білім мен ғылымның бәсекелесіп тұрған заманында өмір сүреміз. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті- еліміздегі классикалық университеттің бірі әрі бірегейі. Білім ордамыздың алдына қойған мақсаты – еліміздің қоғамдық өмірі мен ғылымына, экономиканың маңызды бағыттарының қарқынды дамуына үлес қосу. Білім саласының төңірегіндегі болып жатқан мәселелерді шешуге бағытталған заманауи, жоғары білімді, бәсекеге қабілетті мамандар буынын қалыптастыру. Еліміздегі жоғарғы оқу орындарының жетекшісі және көшбасшысы. Білім тарихында есімі алтын әріппен жазылатын кәсіби білім беретін білім ошағы. Қазақ жеріндегі жоғары оқу орындары арасындағы бірінші Қазақстан Республикасы Президентінің «Сапа саласындағы жетістіктері үшін» сыйлығының иегері. Quacquarelli Symonds (QS, Ұлыбритания) агенттігінің зерттеулеріне сәйкес әл-Фараби атындағы ҚазҰУ білім беру бағдарламалары бойынша 401-450 дәрежеге енді. Университетте еліміздің барлық аймағынан келген 25 мыңнан астам студент, сондай-ақ алыс жақын шетелден келген студенттер білім алады. Университет мұғалімдері де білімнің жілігін шағып, майын ішкендер. Магистрлік, докторлық, профессорлық атақтары бар, еліміздіегі білімнің дамуына өз үлестерін қосып жүрген ұстаздар. Университеттің 14 факультетінде беделді ғылыми мектептер шоғырланған, олар: механика-математика, физика, биология, химия, филология, журналистика, тарих, география, философия және саясаттану, экономика және бизнес, заң, шығыстану, халықаралық қатынастар, шетелдік азаматтарға арналған дайындық факультеті.

ҚазҰУ ғылыми инфрақұрылымының негізі – Республикадағы іргелі зерттеу бағдарламалары жалпы мөлшерінің 50% жүргізілетін 20 ғылыми-зерттеу институты мен халықаралық ғылыми орталық. Университет жанында сонымен қатар колледж, біліктілікті көтеру институты және түлектері қосымша әскери мамандық алып шығып, ҚР Қарулы күштері қатарында, ішкі істер және ұлттық қауіпсіздік органдарында, кеден қызметі мекемелерінде қызмет етуге мүмкіндік беретін әскери кафедра жұмыс істейді. 2003 жылы 16 қыркүйекте Еуропадағы белгілі Болонья (Италия) университетінің қабырғасында университет Дүниежүзілік университеттердің хартиясына қол қойды. Осының нәтижесінде ҚазҰУ Қазақстан мен Орта Азия мемлекеттері жоғары оқу орындарының ішінде бірінші болып Еуропалық білім кеңістігіне кірді. Университет білім алушы тұлғаның жан-жақты дамуына, өзін-өзі кемелдендіруіне қажетті жағдай жасау үшін бар күш-жігерін салып, студенттік өзін-өзі басқаруға, көшбасшылық қасиеттерді дарытуға көп көмегін тигізді. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ еліміздегі заманауи талаптарға сай жетекші білім ордасы екенін қайталап айтудан жалықпауымыз керек. Біздің білім ордамыз-біздің мақтанышымыз. Ол көз алдымызда күннен күнге абыройы артып, әлемді мойындатып келе жатқаны қуантады.

Қадірлі жас түлек, заманға сай біліммен қаруланамын десең, біз сені ҚАЗҰУ қалашығында күтеміз!

Г.А. Худайбердина

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

Заң факультетінің азаматтық құқық,

азаматтық іс жүргізу және еңбек құқығы

кафедрасының аға оқытушысы

1
0
1202

Осы тақырып бойынша