Айтып келмейтін апат
Жыл сайын әлемде 1 млн адам автокөлік апатынан қаза табады. Адамзаттың игілігі үшін ойлап табылған дүниенің сол адамзаттың өзін құртып жатқанын көреміз.
Сенгің келмейді, бірақ сандарды алдай алмайсың. Соңғы 10 жылда біздің елде 32000 адам көліктің кесірінен қайтыс болған. Білген адамға бұл ауған соғысы құрбандары санынан көп.
Жол апаттары біздің елде неге жиілеп кетті, кім кінәлі? Жүргізушінің өзі ме, әлде жолдың сапасыздығы ма? Мүмкін, ескі көліктердің кесірі шығар... Қайтпек керек, жол көлік апаттарының санын азайту үшін не істеу керек? Қоғам болып нені өзгертуіміз керек, неден сабақ алуымыз керек?

«Нүкте» ток-шоуы осы мәселелерді саралап көрмек. Студия кейіпкерлері де осы мәселені талқыламақ. Жол апатына түсіп 10 жыл арбаға танылған Азамат Ермахановтың айтар сыры ешкімді бей-жай қалтырмайды. Өмірдің қадірін түсінген жанның «жылдамдық сүйгіштерге» арналған ерекше ақылы жүрек тебірентеді.

Сондай-ақ «Азия» тобының әншісі Ренат Баситов те автокөлік апатынан қалай аман қалғанын айтады. Осы апаттың оның өмірін қалай өзгерткенін, жанұясына қалай жақындастырғанына куә боласыздар.

Мәдина Ералиева, Бекзат Саттарханов, Руслан Бөлебай, Бақытжан Жұмаділов, Оразалы Досбосынов сияқты қазақтың арда азаматтарын арамыздан алып кеткен «темір тұлпарды» Ринаттың не себепті тізгіндей алмағанын анықтап көреміз. Студия меймандарының сөздері де ойларға жетелейді. Танымал заңгерлер мен қоғам қайраткерлері, көлік жүргізіп үйреніп жүргендер мен кәдігі жүргізушілердің пікірталасы қызу талқыға түседі. Сондай-ақ танымал тележүргізушілер мен студенттер осы мәселе бойынша өз ойын білдіреді. Бағдарламада екі сюжет көрсетіледі. Бірінші сюжетте еліміздегі жол көлік апаттарының себеп-салдарлары мен зерттелген «үрейлі» статистикаға куә боласыздар, сондай-ақ апатқа түскен көліктер тұрағына саяхат жасаймыз. Екінші бейнесюжетте әнші Ринат Баситовтың «соғылған» көлігімен таныс боласыздар.
Бейбіт елде неге адамдар өліп жатыр? Қоғам бұл мәселені шешуде қалай күш біріктіру керек?
Өзекті мәселеге куә болғыңыз келсе, «Нүкте» ток-шоуын өткізіп алмаңыз!
«Нүкте» әлеуметтік-саяси ток-шоуы әр дүйсенбі сайын сағат 22:20.
