Айдарлы ауылы бие байлап, қымыз саудасын қыздырып отыр
Кейінгі жылдары Германия Олимпиадаға баратын оғландарын қымызбен баптайды деседі. Бие сүтінен түрлі дәрумендер жасап, спортшыларын дайындайды.
Ал, Бельгия саумалдан шоколад әзірлеп, балмұздақ құйып, балаларын тәттіден ажыратыпты. Ғалымдар айтады, бие сүті мен ана сүтінің құрамы өте ұқсас. Еуропалықтардың ерекше мән беріп отырғаны сол. Яғни, осы күні сиыр сүті қосылатын балмұздақ, йогурт секілді дәмділердің бәрін бие сүтінен де жасауға болады.
Ал, бізде қалай? Ұлттық сусын өндірісінің кешенді бағдарламасы әлі күнге жоқ. Сондықтан, бабалар ішкен бал қымыз басқа сусындармен бәсекеге түсе алмай отыр.
Әлі күнге кей қандастарымыз ауруға ем, сауға қуат беретін шұбат пен қымыздан гөрі көпіршіген сыраға үйірсек. Дегенмен, жақсы қымыз болса, іздеп жүріп ішетіндер де баршылық. Әйтеуір қуантатыны - қазақтың түп-тамырымен қымыздан ажырап қалмағаны.
Сондай дәтке қуаттың бірі – дәмі бал татитын қымызымен аты шыққан Айдарлы ауылы. Елдімекенде әр үйде кем дегенде бір-бір биеден байланған. Жаз шыға сауда қызады. Ауқымды, үлкен көлемдегі бизнеске айналмаса, Айдарлы тұрғындарына әжептеуір демеу болып тұр.

Бұл ауылдың қымызы қоспасыз, ескі тәсілмен дайындалады. Арнайы тапсырыс беріп, үйден келіп алып кететін тұтынушылары да бар.
«Қазақтың ырымы ғой, ұлттық салт қой. Ата заманнан сауып келеміз. Әке-шешеміз тірі кезде сауғанбыз, бала-шаға ішсін деп, үйренсін деп. Біздің ауылда мысалы қазір жұмыс жоқ. Табыс қой. Арасында сатамыз», - дейді ауыл тұрғыны Қорғанбек Рақышев. .
Ауылда бұрын 1-2 үй ғана қымыз сатыпты. Қазір 10 шақты үй 40 бие байлап отыр. Бәсеке күшейген, қымыз да көбейген. Сондықтан, ауылдықтар бірінен-бірі асу үшін тауарына ерекше мән береді.
Қымыз сатушылардың күндік табысы орташа есеппен 5-6 мың теңге. Енді санай беріңіз. Айына 100 мыңнан артық кіріс кіреді. Ауыл саудагерлері қымыздың арқасында бала-шағаны мектепке дайындап, жаз бойы үй-жайларын да жөндеп алады. Назым Ибраева 5 жылдан бері осы ата кәсіппен айналысады. Түскен табысына үйіне жалғап мына дәлізді қосып алған.
Дайын қымызды осы үйдің балалары жол жиегін апарып саудалайды. Қымыз сатушыларға арнайы орын да жасалған.
Тұтынушылардың айтуынша, бұл жақтың қымызы, майы таза экологиялық, штеңе қосылмаған тамаша өнім екен.
Айдарлы балалары да еңбекке жастай араласады. Бір жағы малдың күтімін үйренеді, екінші жағынан сауда-саттықты меңгереді.
Қымыздан бөлек, құрт-ірімшік, сүт-май, жұмыртқа да сатылады. Бірақ, мұндай тауарлар бірден өтіп кетеді. Жол жиегінде сауда да жақсы жүреді. Айдарлыда 70 тей үй бар, 300 адам тұрады. Халық мал шаруашылығымен айналысады. Оның көбі жылқы. Ауылда 300 бас жылқы бар екен. Яғни, адам басына бір жылқыдан.
Халық жазда қымызын, қыста соғымын сатып күн көріп отыр. Тұрақты жұмыс барлық ауылдағыдай тек мектепте ғана бар. Жұмыссызбын деп Үкіметке қол жайып отырған ешкімді көрмедік. Әр үйдің алдында бір-бір техника. Ауыл шөп науқанына дайындалып жатыр.
Бие байлайтын үй де қалмаған кездер болған деп еске алады ауылдың үлкендері. Бірақ, не нәрсенің де қайыры бар.
Бір кездегі жоқшылық пен қиындықтың арқасында жастар ата дәстүрге қайта оралды. Қымыз – денсаулық, қымыз – жақсы сауда ауыл үшін. Қымыз коммерциясына ден қойғандардың кәсібі жүрген сайын ауыл тұрғындары бірінен-бірі асып бие байлауға көшкен.
Бағдарламаның толық нұсқасы:
