Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

Аяз-атаны не үшін күтеміз!?

Тіпті балалар түгіл үлкендер де үйдің ішін жинап, түрлі дәмді тамақтар жасап, дастархан үстін толтырушы еді. күнге дейін үй де жуулы, кір де жуулы, тамақ пісірулі, әдемі киімдерді киіп, әдемі қалыпта үлкен бір дайындық үстінде жүріп, бір бейтаныс кейіпкерге имандай сеніп күтетінбіз. Сөйтіп, Аяз ата да келеді, сыйлық аламыз, әрине оның бәрі анамыздың қалауымен болып жататынын ес білген кезде ғана ұғындық. Бәрі де жақсы, қонақтар келеді, біз қонаққа барамыз, сөйтіп келген тәттіге тоятынбыз, артынан біресе ішіміз, біресе тісіміз, тамағымыз ауырып мазамыз кетіп, үй ішін әбігерге салатынымыз тағы бар. Сөйтіп барып тынышталамыз. Содан кейін көктем шыға Наурыз мейрамы басталады. Оны қалай қарсы аламыз? Міне, күні бүгін ойланатын жеріміз осы сияқты. Қазақтың жыл санауында күн мен түннің теңелер тұсы, 22 наурыз жыл басы болып есептеледі. Ұзынның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілген шағын, жер-ана қалың қардан бусанып, мал төлдеп, дала төсі түрленіп, жаңарған мезгілді Жаңа жыл деуіміз дұрыс та. Алайда, төл жаңа жылымызды Григориян күнтізбесіндегі желтоқсанның 31-і алмастырып алғандай. Қазақтың төл жаңа жылының артықшылығы қандай? Басқалар ағаштың жанын қинап, жас өскінді кесіп, қиып, үйіне шырша орнатып жатса, ата-бабамыз Наурыз айында көшеттер отырғызған. Қыста су қатып жатса, бітеліп қалған бұлақ көздері жазда ашылған. Қысқы қалың киім сыпырылып, жаңа киім-кешек киілген. Көне орыс жерінің өзінде христиан дінін қабылдағанға дейін Жаңа жылды наурыз айының бірінен бастап тойлаған. Ағылшындар наурыздың жиырма бесін жаңа жылдың алғашқы күні деп есептеген. Жердің беті жасарып, мал көкке шығып, тіршілік жайнап, қан қайнап, төлдер тойынып, қыз-бозбала әзілдескен кез, күн менен түн теңескен, жасы үлкендер кеңескен, балалардың айдарынан жел ескен кез – қасиетті Наурыз, міне, нағыз жыл басы. Біз болсақ, кешегі Совет империясының идеологиясынан, тіпті оған дейінгі ақ патшаның отарлаушылық идеологиясынан әлі арыла алмай келеміз. Ата заңымызда зайырлы мемлекет деп жазылғандықтан ешқандай діни артықшылықтарға жол берілмеуі керек десек те, осы уақытқа дейін тойлап келген жаңа жылымыз діні басқалардың кәдімгі Рождество мейрамы. Санта Клаус немесе Дед Мороз дегеніміз, турасын айтсақ, мейірімді Аяз ата емес, қаҺарлы қыстың қатал бейнесі. Өздеріңіз ақылға салып көріңіздерші, жаңа жыл дегенде күнтізбедегі қаңтардың алғашқы күнінен басқа жаңа зат бар ма?! Қар да жаңа жаумаған, желтоқсаннан қалған. «Қараша, желтоқсан мен сол бір екі ай. Қыстың басы бірі ерте, біреуі жай» дегендей, қыстың да нақты белгіленген шекарасы жоқ. Наурызға келсек, барлығы жаңа. Ақ уыз, жас төл, көк шөп, жас арман, жаңа тілек. -«Анасына баласы опа бермей, Сәби өсті бір жөнді ата көрмей, Аяз ата жүргенде тост көтеріп, Қыдыр бабам кетті ме бата бермей» – деп басталатын өлең де бар. Яғни, балалар Қыдыр атадан бұрын Аяз атаны біледі. -Аяз ата қазақ баласына ата болуға жарамайды. Қазақ баласының атасы Қыдыр ата болуы керек. Қыдырдың түп-төркіні қадір немесе Қыдыр деген сөзден шыққан болуы керек деп топшылаймын. Қадір болса, қадірлі, құрметті деген сөз. Қыдыр болса – қыдырып жүреді дегені. Қыдырғанда да Қыдыр кез келген, көрінген үйге бас сұға бермейді. Дастарханы баталы, шаңырағы аталы, негізді де некелі, жеті атасы жетелі, үй иесі орнықты, келіншегі ұқыпты, бала-шағасы құйма құлақ отауларға кіреді. Төріне шығып, малдасын құрып отырып, дәмін татады, батасын береді.Қыдыр баба кейбір үйлердің иелерін сынау мақсатында мүсәпір болып келуі де мүмкін. «Мүсәпірді жәбірлеме!» – деп жатады. Яғни, келешек ұрпақ үшін өз қазағымыздың төл мерекесінің қадірін арттырып тойланса деген ой. Қазіргі кезде театрландырылған түрде ғана өткізіле салатыны ешкімге жасырын емес. Наурыз келгенде пісірілетін көженің тағамдық қасиеті туралы біреу білсе, біреу білмес, қарапайым көже пісірумен ғана шектелеміз. Ал кәдімгі бауырсақтың өзіне кім қаншалықты мән берер дейміз ғой. Ендеше, біз мән бермегенмен неміс ұлтының өкілі қызығушылық танытып, бауырсақтың тағамдық құндылығын былай қойғанда, оның көптеген ауруларға ем болатынын да дәлелдегенін күні кеше әлеуметтік желіден оқығаным бар. Сондықтан да өзіміздің төл мерекемізге атүсті қарамай, өз мәнінде өтуіне баса назар аударайық дегім келеді.

0
0
542

Осы тақырып бойынша

Аяз-атаны не үшін күтеміз!? - Yvision.kz