"Айқап" пен "Қазақ" неге айтысқан? Немесе басылымдар туралы шындық
«Айқап» – қазақтың тұңғыш қоғамдық - саяси, әдеби журналы. Ал «Қазақ» – халықтың қоғамдық - саяси және әдеби газеті болып табылады. «Қазақ» газеті мен «Айқап» журналында қазақ зиялыларының пікір қайшылығынан туындаған көшпелі және отырықшы мәселеде парасат пайымына жетелер азаматтық келісімге ой салып отырған. Елдік жолындағы саяси және рухани арнадағы ортақ мұрат мақсатта береке бірлікке шақырса, «Айқап» журналы мен «Қазақ» газетінің арасында көптеген өзекті мәселелер және өрбіген кезекті таластарды ақыл таразысына салып, сын көзімен қараған.
«Айқап» қазақтың тұңғыш журналы болғандықтан «Қазақ» газетінің де ел тарихындағы алғашқы газеттердің бірегейі екендігі, бұл басылымда көтерілген кей мәселелердің әлі күнге дейін өзектілігін жоймай келе жатқандығы, онда біртуар қаламгерлеріміздің еңбектері жарияланғандары да бәрімізге белгілі. Қалың қазақ еліне көздің ағы мен қарасындай қатар қызмет еткен бұл екі басылымды бір - біріне қарсы қойып қарастыруға болмайды. Басылымдардың араларында қанша талас - тартыс болғанына қарамастан, бірінің сөзін екіншісі сөйлеп, бірін - бірі қолдап отырғаны көңіл аудартпай қоймаған.
«Айқап» журналы мақаласының бір санында «Біз көшпеліліктен бас тартып, отырықшы ел болуымыз керек. Отырықшы болған ел білім алуға мүмкіндік алады, егін егіп, басқа да шаруалармен айналыса алады» деп өз ұсыныстарын ашық түрде жариялаған. Кейіннен «Қазақ» газеті қазаққа 15 десятинадан жер беріліп, отырықшы ел қылудың артында Ресей мемлекетінің әрекеттерін жатқандығын баса айтты. Олар қазақ жер беру мәселесін емес, өз пайдаларына көбірек қалдыру жағын ойластырып отырғандығын да алға тарттқан. Осыдан кейін «Қазақ» газеті мен «Айқап» журналының арасында келіспеушілік отын тұтатуға себеп болды.
«Айқап» журналы мен «Қазақ» газеті арасында туындап отырған айтыс тартыс туралы алғашқы пікірлерді көрнекті мемлекет жəне қоғам қайраткерлері Т. Рысқұлов пен С. Асфендияровтың тарихи тақырыпта жазған еңбектерінен кездестіреді екенбіз. Өздері қай уақытта өмір сүргендеріне қарамастан, олар бұл мəселеге объективті түрде баға беруге тырысқан. Және көрнекті ғалым Б. Кенжебаевтың жазуы бойынша, «Айқап» журналы мен «Қазақ» газетінің айтысуына үш түрлі мəселесінің кедергі болғанын атап өткен: ол жерге орналастыру, съезд шақыру жəне əліпби түзу жөнінде болған, міне осыдан да басылым басшылықтары бір пікірге келе алмаған. Екі басылымда да араздылық болғаны мен де, екі басшы арасы суық болса да, қос басылым қазақ халқын төрге сүйреген. Қызығушылық пен алаңдаушылық танытқан екі басшы арасындағы айтысу қазақтың кемел елге айналуына үлкен үлестерін қосқан.