Автобус түсіп кеткен алып шұңқырдан 5000 текше метр топырақ пен тау жыныстары қазып алынған
Павлодар облысындағы «Майқайың-алтын» АҚ тау-кен аумағында болған қайғылы оқиғадан кейін атқарылып жатқан жұмыстарды біз бақылауда ұстап отырмыз.

Ал облыс әкімі Асайын Байханов әлі оқиға орнында жүр екен. Ол жәй жүрмей, сол жерде журналистің міндетін ойдағыдай атқарап, жұртқа ақпарат таратып отыр. Өңір басшысы Instagram-дағы жеке парақшасына күн құрғатпай видео жариялауда. «Кеше жедел штаб мамандандырылған техниканы опырылған жерге түсіру үшін шамамен 120-130 метр тереңдікке траншея қазу туралы шешім қабылдады. Кеше опырылған жердің түбіне техниканы түсіру үшін өткел дайындау басталды. Бұл жұмыстарға 3 экскаватор, 2 тиегіш, 2 бульдозер жұмылдырылды. Жұмыстар тәулік бойы, үздіксіз жүргізілуде. 5 мың текше метрге жуық топырақ пен тау жыныстары қазылып, шығарылды», – дейді Павлодар облысының әкімі.
Мұндағы іздеу жұмыстарына барлығы 134 адам, 37 бірлік техника, 3 кинологиялық жұп және 2 дрон тартылған.
Айта кетейік, Баянауыл ауданындағы «Майқайың-алтын» АҚ кенішінің аумағында жер опырылып, тереңдігі 150 метр болатын шұңқырға автобус түсіп кеткен еді. Көлікте төрт адам (жүргізуші мен 3 құтқарушы) болған. Екі құтқарушының денелері табылды. Ал бір құтқарушы мен жүргізуші әлі іздестірілуде.
