Аузы дуалы ақсақалдан бата алу
“Nur Otan” партиясы атынан қалалық маслихат депутаттығына кандидаты ретінде сынға түскенім белгілі. Аузы дуалы ақсақалдан бата алу – қазақ дәстүрі. Бүгін 27 желтоқсанда Құрмет орденінің иегері, Халық ағарту ісінің озық қызметкері, Республикалық ардагерлер кеңесінің мүшесі Кәрім Өтеғұловпен кездесіп, "Nur Otan" партиясының сайлау алды бағдарламасы тармақтарын таныстырдым.
Еліне елеулі, халқына қалаулы азаматтардың бірі – Кәрім Тәжмағанбетұлы. Туған жерінде ұзақ жылдар бойы ауыл шаруашылығы саласында абыройлы еңбек етіп, аудан экономикасының дамуына өзіндік үлесін қосқан аға Казталов ауданының “Құрметті азаматы” атағына ие болды. Кәрім Тәжмағамбетұлыныі ерен еңбегі халық көңілінен шыққаны рас.
“Туған жерім тұғырым” деп білген Кәрім Тәжмағанбетұлы зейнеткерлікке шыққаннан кейін де туған жерінің тарихын түгендеп, ата-баба мұрасын жинақтау бағытында ізденіс жұмыстарымен айналысып Ақпәтер ауылында музей ашу ісін қолға алды. Бұл істе Кәрім ағаның өзі бастамашы болды. Осындай үлкен ізденісінің, еңбегінің нәтижесінде өңірдің арғы-бергі тарихынан сыр шертетін түпнұсқа жәдігерлерге толы экспозиция жабдықтап, Ақпәтер ауылында тарихи-өлкетану музейі ашылды.
“Тарихы жоқ жер, тәбәрігі жоқ ел болмайды” дегендей, бүгінгі күні облыстық тарихи өлкетану музейінің бөлімі болып отырған Ақпәтер музейі тарихтың мекені, рухани орта болып отыр. Терең білімді, ұстанымы берік, іскерлік қабілеті мықты Кәрім аға музей саласының қыр-сырын толық меңгерген нағыз музей маманы. "Ауылына қарап, азаматын таны" дегеннің нағыз үлгісі Кәрім Тәжмағанбетұлы дер едім. Адам құндыдығын жоғары қоятын парасатты ағамен болған сұхбат-әңгімеден көп нәрсені біліп, көңілге тоқып қайттым.
