«Ауызға» тиым салу...
Соңғы жылдары қоғамдық жерлердегі тәртіп қатаң қадағаланып, шылым шегіп, шемішке шағуға тыйым салынған болатын. Аталмыш заң қоғамдағы мәдениеттің артуына септігін тигізері анық, дегенмен әдепке мойынсұнбай жүрген азаматтарымыз жүрген жерінде түкіруді де қоймайды...
Кәрі-жастың барлығы асыға күтетін жаз да келіп жетті. Саябақ пен мәдениет орталықтары, қоғамдық орындарда көпшілік серуендеп, таза да сәулетті жерлермен тамсануды көздейді. Жылдың қай мезгілі болмасын адам баласы адамға зиян келтірмеуі тиіс.
Жақында кітапханадан қайтып келе жатып, жол бойында өзіммен шамалас жастарға көзім түсті. Сыртқы келбеті жарасымды, сәннің соңғы үлгісі бойынша киінген азамат достарының арасында әңгіме-думан құрып келе жатқаны бірден байқалды. Алыстан байқаған ер азаматтар дәл алдымнан шыққан уақытта сол қалыпты дүбірлесіп, жанынан қыз бала не болса адам баласы өтіп бара жатқанына еш мән бермей, бірде қақырып-түкіре берді. Сол сәтте ер балада тумаған ыңғайсыздық сезімі өзіме ауғандай болды. Осындай олқылық жасаған адамға кейін бұрылып тәртіп пен әдеп жайлы сөз айтудың қажеті шамалы екенін түсіндім.
Адам ең алдымен, өзін сыйлауы керек деген қағида ертеден-ақ қалыптасқан. Адамның жүріс-тұрысы, сөйлеу мәнері, тәртібі заманға сай өзгерді десек, жылдан-жылға мәдениеттің артта қалып бара жатқаны ма, тәрбиенің осалдығы ма деген ойға батасың. Уақыт – керуен, заман талабы өзгеріске ұшырап, әлемде өмірде болмаған жағдайларға тап болсақ та, басты құндылықтардың бірі – адамның рухани жандүниесінің тазалығын бағажетпес қасиеттердің бірі деп білгеніміз жөн. Күннен-күнге осындай жағдайға жиі тап болған сайын әрбір пенденің сәл қателіктері үшін тыйым салып не жаза қолданса орынды болары анық.
Өзге елдің азаматтары елімізде жиі қонақтап тұрады. Әр елдің өзіне тән ерекшеліктері бар демекші, кемшіліктерін де байқамасаң болмайды. Дамыған елдер қатарында елімізді қонақжай, көпұлтты, мәдениетті халық деп таныса, бүгінде мәселені туындатып отырған қоғамдық жерлерде «түкіру» сияқты әдепсіз қылықтардың алдын алып, кері пікір қалыптастыруға жол бермеуіміз керек.
Арақ-шарап, шылым, тағы да басқа денсаулыққа зиян келтіретін заттарды қолдануда тыйым салынса, түкірігін ұстай алмайтындардың аузына тыйым салу аса қажет!
