Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

Ауылдың ажарлануы – ел дамуының кепілі

Елімізде ірі қалалармен қатар, ауылдық жерлерді көркейтуге айрықша назар аударылуда. Жыл сайын осы мақсатқа қыруар қаржы бөлініп, ауылдағы ағайынның әлеуетін көтеруге бағытталған бірқатар мемлекеттік бағдарламалар жемісті жүзеге асуда. Соның арқасында елді мекен тұрғындары екі қолға бір күрек тауып, бай-қуатты күн кешіп отыр.

Мұның бәрі – Мемлекет басшысының ауылдықтарға деген зор қолдауы  дейді, олар.

 

Тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдары ауылды гүлдендіру ісі жіті қолға алынды. Көптеген елді мекендерде жаңадан балабақшалар, мектептер, дәрігерлік пункттер бой көтерді. Нәтижесінде, жаңа жұмыс орындары ашылып, ауыл адамдарының тұрмысы жақсара бастады. Бір кездері қаңырап қалуға шақ қалған ауылдар күн санап ажарлана түсті. Бір сөзбен айтқанда, ауыл тірлігіне жан бітті. Мемлекеттік «Дипломмен ауылға!» бағдарламасы аясында мыңдаған жас маманның шалғай жерлерге барып, білек сыбана іске кірісуі соның дәлеліндей. Олар ауылдың өсіп-өркендеуіне өз үлестерін қосты. Айта кетерлігі, мемлекет тарапынан жас мамандарды тұрғын үймен қамтамамсыз ету, көтерме ақы төлеу және басқа да қажетті жағдайлардың барлығы жасалды. Сонымен қатар, ауылда еңбек ететін бюджеттік сала қызметкерлерінің жалақысына қосымша үстемеақы да төленді.

Міне, бұл – ауылдықтарға деген зор қолдау екені сөзсіз.

Ал қазіргі таңда ауылдарда агрокешен саласын жандандыруға басымдық берілуде. Осыған орай, өз кәсібін бастауға ниетті ауылдық азаматтарға жеңілдетілген несие беріліп, жан-жақты қолдау жасалып келеді. Жыл сайын мемлекеттік «Сыбаға», «Құлан», «Алтын асық» бағдарламаларына қатысушылар қатары артты. Мәселен, бір ғана Успенка ауданынына биыл «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 261 бас асыл тұқымды ірі қара мал сатып әкелінген. Жыл соңына дейін тағы да ірі қара жеткізіледі деп күтілуде.

Айта кетерлігі, аталмыш бағдарламаның шапағатын өзге өңірлер де молынан көруде.

Мемлекеттік «Құлан» бағдарламасы бойынша успенкалық «Қара жорға» шаруа қожалығы «Аграрлық қаржылық корпорациясы» АҚ арқылы 17,5 млн теңге соммасында несие алып, жылқы өсірумен айналысуда. Бүгінде шаруашылық жұмысы алға басып келеді.

Осылайша, ауыл шаруашылығын дамытуға арналған мемлекеттік бағдарламалардың жемісін көрген шаруа қожалықтары үлкен жобалармен айналысуға бел байлауда. Айталық, Успенка ауданындағы «РЭГТайм» шаруа қожалығы бұдан былай жоғары сапалы «Моцарелла», «Адыгей», «Сулугуни» ірімшіктерін шығаруды қолға алмақ. Ал облысқа қана емес, республикаға танымал «Галицкое» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі польшалық технология арқылы заманауи сүт фермасын салмақ. Олар сол арқылы ауылдың ғана емес, аудан мен аймақтың экономикалық әлеуетін көтеруге үлес қосуды жоспарлап отыр. Қуантарлығы, мұндай тың жобалар басқа аудандар мен ауылдарда да қолға алынуда.

Бұл – ауылды дамытуға және ауылдықтарды қолдауға бағытталған мемлекеттік бағдарламалардың жемісі.

   

Марат Серікбай

 
0
0
590

Осы тақырып бойынша