Ауыл жастарына серпін
Халықтың дене шынықтыруы және спортпен жаппай айналысуы үшін спорттық инфрақұрылымдардың қолжетімділігін кеңейту мемлекетіміз үшін маңызды мәселе болып отыр. Бұл сөзімізге дәлел ретінде қазіргі таңда тұрғын үй аулаларына шағын футбол алаңшалары, воркауттар көптеп орнатылуда.
Қазіргі таңда спорттың дамытылуға тиісті салалары жеткілікті. Соның ішінде ауылдарда спорттың дамуына айрықша мән берілуі керек. Осы мақсатта 13 қараша күні Маңғыстау облыстық ұлттық спорт түрлері орталығының басшысы Қанағат Суебаев "ZOOM" платформасы арқылы Түпқараған ауданының жастарымен онлайн кездесу ұйымдастырды.
Кездесу барысында Қанағат Қабиұлы салауатты өмір салтын, ұлттық спорт құндылықтарын және оны дамыту перспективалары жайында түсінік берді. Ұлттық спорт түрлеріне жеке-жеке тоқталып, толық ақпарат берді. Атап айтар болсақ, көкпар, асық ойыны, құсбегілік, теңге ілу, жамбы ату, аударыспақ, қазақша күрес, бәйге және тоғызқұмалақ сынды ұлттық спорт түрлерінің қыр-сырларын айтып, тың ақпараттармен бөлісті.
Сондай-ақ облыс көлемінде ұлттық спортты дамыту бағытында жасалып жатқан жұмыстар мен алдағы уақыттағы жоспарларымен бөлісті. Тек облыс көлемінде ғана емес, аудан бойынша да бірнеше жобалар іске асыру мақсаттары бар екендігін айтты. Онлайн кездесуге қатысушылар сауалдарын қойып, нақты жауаптарын алды. Аудан жастары жауапты азаматқа ұсыным-пікірлерін жеткізді.
