Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

Ауыл шаруашылығы алға басты

Еліміздің ауыл шаруашылығы саласын дамыту мақсатында осыдан тура үш жыл бұрын «Агробизнес-2020» мемлекеттік бағдарламасы қабылданған болатын. Бүгінде әлемдік дағдарысқа қарамастан, аталмыш бағдарлама табысты жүзеге асуда.

Мемлекеттің өсіп-өркендеуі үшін агроөнеркәсіп саласын жандандырып, халықтың азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызы зор. Осы мақсатты көздеген «Агробизнес-2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында ауыл шаруашылығы саласының әлеуетін арттыруға бағытталған көптеген іс-шаралар атқарылуда. Мәселен, негізгі азық-түлік түрлерін өз елімізде өндіру, ірі қара мал басын асылдандыру, ет экспортының көлемін ұлғайту және басқа да жұмыстар жүйелі жүзеге асып келеді. Нәтижесінде, мол табыстарға қол жетті. Атап айтар болсақ, бағдарлама қабылданғаннан кейін елімізде күріш, бидай ұны, нан, қант қызылшасы сынды негізгі отандық азық-түлік түрлерін тұтыну үлесі 100%, ал ет өнімдерімен қамтамасыз ету көрсеткіші 90%-дан асты. Ендігі кезекте агроөнеркәсіп кешенінің бәскелестігін жоғарылатуға басымдық берілуде. Бұл ретте, Елбасымыздың ішкі сұранысты өтеумен қатар, сыртқы нарыққа сапалы тауар шығару арқылы да ел экономикасын көтеруге болатынын айтқанын атап өткен жөн. Соның дәлеліндей, елдегі егін және мал шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлердің көбі мемлекеттен қаржылай көмек алып, өз кәсіптерін кеңейтіп, кейін өндірген өнімдерін экспортқа шығаруға мүмкіндік алды. Сөйтіп, қазақстандық азық-түлік өнімдері біртіндеп шет мемлекеттерге сатыла бастады. Айталық, биыл елімізден 60 мың тонна етті экспортқа шығару жоспарланған. Бұл мақсатты орындауға барлық қазақстандық шаруа қожалықтары атсалысуда. Қазіргі таңда еліміз Ресей, Иран, Сауд Арабиясы және өзге де мемлекеттерге сапалы ет шығаруды мықтап қолға алды. Сол арқылы отандық өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыру көзделіп отыр. Осы бағыттағы іс-шараларға павлодарлық кәсіпкерлер де белсенділік танытуда. Мәселен, Шарбақты ауданындағы «Абай» шаруа қожалығы өткен жылы Сочи қаласында ұйымдастырылған Қазақстан мен Ресейдің аймақаралық форумында «Москворец сауда үйі» серіктестігімен келісімшарт жасасқан. Аталған құжатқа сәйкес, павлодарлықтар ай сайын Мәскеу қаласына 2 мың тонна ет жеткізуде.

Айта кетерлігі, отандық ет және сүт өнімдерінің өнімділігін арттырып, жоғары талапқа сай болуы үшін малды асылдандырудың пайдасы зор. «Агробизнес-2020» бағдарламасы асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуға да зор ықпал етуде. Бүгінде бағдарлама бойынша мемлекеттен несие алып, шетелдік «Абердин-Ангус», «Герефорд», «Шароле» сынды асыл тұқымды мал мен қазақтың ақбас сиырының санын арттырып жатқан шаруашылықтар қатары жыл санап көбеюде. Тек Павлодар облысында осындай 20-дан астам қожалық тіркелген. Олардың иелігінде 16 мыңға тарта ірі қара бар. Осы шаруа қожалықтарының көбі бағдарламаның арқасында қолға алған кәсібін дөңгелетіп, игілігін көріп отыр.

Ауыл шаруашылығына дем берген «Агробизнес-2020» бағдарламасы бойынша астық нарығын тұрақтандыру мәселесіне де баса мән берілген. Бағдарлама аяқталғанға дейін, яғни 2020 жылға дейін жем-шөп дақылдарының егіс алқабын 10,2 миллион гектарға жеткізу жоспарланған. Межелі міндетке жету үшін өсімдік шаруашылығын субсидиялау жұмыстары жүргізілуде. Нәтижесінде, елімізде жоғары репродукциялы тұқымдар себілген алқап көлемі артып, дәнді және майлы дақылдар өсірілетін егістіктерге ылғал сақтау технологиясы кеңінен қолданылуда. Бұл жағдай егін өмінділігін ұлғайтуға мол септігін тигізбек.

Жалпы, агрокешен саласын жандандырудың 2013-2020 жылдарға арналған көп салалы мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыруға республикалық және жергілікті бюджеттерден 3 122,2 млрд теңге қарастырылған. Мұндай қомақты қаражатты қажет ететін бағдарлама арқылы ауыл шаруашылығы өнімдерінің табиғи көлемін 1,5 есеге, еңбек өнімділігін 3 есеге арттырып, агроөнеркәсіп кешенінің өнімін сатудағы экспорттық пайданы 20%-ға ұлғайту көзделуде.

Осылайша, «Агробизнес-2020» бағдарламасының арқасында ауылдық жерде бизнестің дамуына оңтайлы жағдай жасалып, салаға инвестициялар тартуға мол мүмкіндік туып отыр.

Марат Серікбай

 
0
0
851

Осы тақырып бойынша

Ауыл шаруашылығы алға басты - Yvision.kz