Аудандық мәслихаттың бірінші сессиясы
Бүгін аудан әкімдігінде жетінші шақырылымдағы аудандық мәслихаттың бірінші сессиясы болып өтті. Оған аудан әкімі Азамат Сафималиев, аудан әкімінің орынбасарлары, ауылдық округтердің әкімдері, мекеме, кәсіпорындардың басшылары қатысты.
Сессияны аудандық (аумақтық) сайлау комиссиясының төрағасы Жақсылық Абдолов ашып, ағымдағы жылдың 10 қаңтарында өткен сайлау күні аудандық мәслихатқа 11 депутат сайланғанын, бүгінгі ұйымдастыру сессиясына олардың барлығы қатысып отырғанын, сессияның жұмысын бастауға кворум жеткілікті екенін айтып, «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 11-бабына сәйкес жетінші шақырылымдағы аудандық мәслихаттың бірінші сессиясын ашық деп жариялады.
Депутат Мирас Иманғалиевтың ұсынысымен сессия төрағасы болып, депутат Біржан Қуанәлиев сайланды.
Аудандық (аумақтық) сайлау комиссиясының төрағасы Жақсылық Каримоллаұлы 2021 жылдың 10 қаңтарында өткен Жәнібек аудандық мәслихат депутаттарын сайлау қорытындылары туралы аудандық (аумақтық) сайлау комиссиясының хабарын жариялап, депутат болып сайланғандарға олардың депутаттық куәліктері мен төсбелгілерін салтанатты жағдайда табыс етті.
Бұдан кейін сессия төрағасы сессияның күн тәртібіне төмендегі мәселелерді ұсынды: 1.Аудандық мәслихаттың хатшысын сайлау. 2.Аудандық мәслихаттың тұрақты комиссияларының құрамын және төрағаларын сайлау. 3.Аудандық мәслихаттың кезекті сессиясының төрағасын сайлау.
Ұйымдастыру мәселелерін қарау үшін құрамы үш адамнан санақ комиссиясы сайланды.
«Нұр Отан» партиясы Жәнібек аудандық филиалының бюро және фракция отырысымен бекітілген шешімдерін ескере отырып, аудандық мәслихаттың жетінші шақырылымының хатшылығына депутат Тахир Қадимов сайланды.
Аудандық мәслихаттың әлеуметтік-экономикалық даму, бюджет, заңдылықты сақтау, құқық тәртібі мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының құрамы сайланып, оның төрағасы болып депутат Мейіржан Хаби, әлеуметтік саясат, білім беру, мәдениет, денсаулық сақтау, экология, спорт және жастар ісі жөніндегі тұрақты комиссияның құрамы сайланып, оның төрағасы болып депутат Берік Ихсанов бекітілді.
Соңғы мәселе бойынша аудандық мәслихаттың кезекті сессиясының төрағасы болып депутат Мейіржан Хаби сайланды.
-Бүгін жетінші шақырылымдағы аудандық мәслихаттың бірінші сессиясын өткіздік. Сайлау ауданымызда жоғары деңгейде ұйымшылдықпен өтті. Депутаттар құрамы жаңарып, жастар келіп жатыр. Он бір депутат сайланды. Олар алдағы уақытта елімізді одан әрі дамыту жөніндегі мемлекеттік саясатты іске асыруға, аудан халқының әл-ауқатын көтеруге, ортақ мақсаттар мен жоспарлардың орындалуына өз үлестерін қосады деген сенімдемін. Сәттілік тілеймін! – деді сессияда сөз сөйлеген аудан әкімі Азамат Сафималиев.

