Мазмұнға өту
Обложка сообщества Әртүрлi

Ауған соғысы ардагерлері көмекке зәру

Кеңес әскерінің Ауған жерінен шығарылғанына биыл  23 жыл. 10 жылға созылған соғысқа 22 мың Қазақстандық қатысып,  мыңға жуық боздақтан  айырылдық. Жар құшып, бала сүйіп үлгермеген тағы мыңнан астам бозбала  елге мүгедек болып оралды. Ауған соғысының қанды қырғынынан аман-есен оралғанымен, жаны жаралы 18 мыңнан астам ардагер ортамызда жүр. Ал бүгінде еліміздегі Ауған соғысы ардагерлерінің әлеуметтік жағдайы көңіл көншітпейді. Сұрапыл соғыс табаны күректей 10 жылға созылса да, қантөгістің себебін, соғыстағы қазақ жігіттерінің ерлігін жас ұрпақ жете біле бермейді. Насихат жоқтың қасы.
1979 жыл. Талай ананы жылатып, талай боздақты қыршынынан қиған Ауған соғысы. Майдан даласына небәрі 18 жасында аттанған Бауыржан Жасымбеков отанына аман оралғанымен, соғыс даласында екі аяғын қалдырды. Саяси соғыстың сүргінінде жанын шүберекке түйген сарбаздың бүгінгі баспанасы - Алматыдағы мүгедектер мен жүйке ауруына шалдыққандарға арналған интернат үйі. Сырласы да, мұңдасы да мына аядай бөлменің 4 қабырғасы. Осы жерде ол соғыста қаза тапқан жолдастарын, тастап кеткен әйелі мен ұлын сағынышпен есіне алады. «Үкімет бір бөлмелі пәтер берсе, отбасымды алып, ел қатарлы өмір сүрер едім» дейді ардагер.
Бауыржан Жасымбеков, ауған соғысының ардагері:
Қарттар үйінде мемлекет бізге көмектеседі ғой «мүгедектерге жеңіл болсын» деп мысалы. Тамағы да бар, күніне 4 рет тамақ береді дегендей, мынандай жуындырып-киіндіріп дегендей, бірақ өз үйіңдей емес қой.
«Мына Отан соғысы мүгедектеріне арналған республикалық клиникалық госпитальдің жұмыс істемей тұрғанына 2 жылдың жүзі болды. Мұны елеп, қолға алайын деп жатқан ешкім де жоқ» дейді Қайрат Медиев.18 жасында әскер қатарына шақырылған ол азаматтық борышын Ауған даласында өтеген. «Үкімет тарапынан көмектің аздығы ұрыс даласынан мүгедек болып оралғандарға «жығылғанға - жұдырық» болып тұр» дейді бұрынғы жауынгер.
Қайрат Медиев, Ауған соғысының ардагері:
Пәтерді кезектен тыс барып, бірден тегін беретін. Көлікпен қамтамасыз ететін, мүгедектерге мүгедектер көлігін беретін. Жылдан-жылға біздің мүдделерімізді, құқықтарымызды біздің Парламент қысқартып келе жатыр.
Парламент мінберінде отырған Ауған соғысының ардагері Бақытбек Смағұл «осы мәселені мәжілісте талқыға салып, түбегейлі шешілуін жіті қадағалаймын» деп отыр.
Бақытбек Смағұл, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Ауған соғысы ардагерлері қауымдастығы төрағасының орынбасары:
Алдағы уақытта Парламент аясында біздер осыны бір заңның аясында саналы түрде көтеріп, осы бір шешілмей келе жатқан көптен бергі мәселе шешімін табады деп ойлаймыз.
Ауғансоғысы ардагерлері мен мүгедек жандардың басым көпшілігі әлі күнге дейін мемлекет тарапынан тиісті қолдау көрмей отыр. Ал соғыс көрген, от кешкен ардагерлердің ұлттық рухты көтеруде елге берері көп.
0
0
1854

Осы тақырып бойынша