Биыл Кеңес әскерлері шектеулі контингентінің ауған жерінен шығарылғанына 32 және Тәжік-Ауған шекарасынан қазақстандық жеке құрамдағы атқыштар батальонының шығарылғанына 20 жыл толды. Осыған орай аудан әкімдігінде Ауған соғысына және Тәжік-Ауған шекарасындағы қарулы қақтығыстарға қатысқан ардагерлермен кездесу өтті. Оны аудан әкімі Азамат Сафималиев ашып, кездесуге қатысушыларды осынау атаулы күнмен құттықтады.
-Ауған соғысына 22 мыңнан астам және Тәжік-Ауған шекарасындағы қарулы қақтығысқа 8,5 мың қазақстандық қатысып, өздерінің интернационалдық және жауынгерлік борыштарын адал атқарды. Көптеген қазақстандықтар ұрыс даласында оққа ұшып, жат жерден топырақ бұйырды. Із-түзсіз кетіп, мүгедек болып оралғандары қаншама. Ауданымызда Ұлы Отан соғысының ардагерлері қалған жоқ. Ендігі ардагерлер сіздерсіздер, сіздердің жүріп өткен жауынгерлік жолдарыңыз кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге. Сондықтан сіздерге кейінгі жас ұрпақтың атынан алғыс айтамын. Жақсы күндерде, қуанышта кездесейік, - деген аудан басшысы алда Ұлыстың ұлы күні Наурыз мейрамы келе жатқанын, биыл еліміздің тәуелсіздігіне 30 жыл толатынын атап өтіп, елімізге тыныштық, халқымызға амандық тіледі.
Әрі қарай Тәжік-Ауған шекарасындағы қарулы қақтығысқа байланысты бейнефильм қатысушылар назарына ұсынылды. Сондай-ақ кездесу барысында аудандық мәслихаттың хатшысы Тахир Қадимов, аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімнің бастығы Арман Ахонов, қамыстылық Тимур Ғиззатов, жәнібектік Нұрлан Қадешовтер сөз сөйлеп, өздерінің ізгі тілектерін білдірді.
Кейін Азамат Сафималиұлы Самиғолла Ниталиев пен Қыдырғали Бұхтыбаевты 2018 жылғы 18 қазандағы №732 мемлекеттік органдардың берлескен бұйрығымен бекітілген «Кеңес әскерінің Ауғанстаннан шығарылғанына 30 жыл» мерекелік төсбелгісімен және аудан әкімінің алғыс хатымен, сондай-ақ Темур Қалимұлы, Берік Ғабдырахимұлы, Кәрімжан Сабырғалиұлы, Қазбек Фазылұлын өз атынан алғыс хаттармен, сонымен бірге биылғы 8 ақпанда Тәжік-Ауған шекарасынан қазақстандық жеке қрамдағы атқыштар батальонының шығарылғанына 20 жыл толуына орай Қисмат Еменғалиұлы, Нұрлан Ертайұлы, Бақытжан Берікқалиұлы, Алмат Хамитұлы және Ақболат Телжанұлын төсбелгімен және аудан әкімінің алғыс хатымен марапаттады.