Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

Ата-ананы құрметтеу?

Мейірімділік қайда кетті біздің заманда? Өз қамымызды, бір күндік өмірімізді ойлап, қалайша ғана бір-бірімізден ассақ екен деп, біз қайда барамыз? Өмірге, тағдырға, ата-анамызға ренжіп, олармен ұрысып біз нендей жетістікке жетеміз? Менің істеп жүргенім не тірлік? Кімге, нені дәлелдемекшімін? Осыншалықты білім алып, осыншалықты ақылды болғанның, осыншама кітап оқығанымның, ата-анамды сыйлап, оларды мәпелей алмасам, беш тиынға жарамағаны ғой. Соншалықты дүркіреп тұрған маман болғаным кімге керек, өз туған ата-анамды құрметтеп, сыйлай алмасам. Кімге керек менің дінкілдегенім? Мен өзі кімге керекпін? Ешкімге де керегім жоқ. Ешкімнің менімен шаруасы жоқ.
Бар білгенімді ұмытып, ана шалдың артынан ілескенім не іздегенім, ол менің не әпенделігім? Мына жалғанда қанша жақсылық істеп, қанша үлкен тірлік бітіріп, жетістіктерге жеткенімнің не қажеті бар, жалғыз ата-анамның қуанышына мәпелене алмасам, жалғыз анамның ризалығына баулана аламасам. Қаншама жас жүр анасынан айрылған, қаншама жас жүр ата-анасынан бет бұрған, менің олардан не артықшылығым бар? Алла тағала ата-анамды аман сақтап, маған бір үлкен сый қылды, соны бағалай алмай, әр нәрсенің артынан жүргенім- адасқаным. ата-анаға айқайлап, ұрысып, өз дегеніңді жасатқызып, өз ойыңды дәлелдегенім, менің үлкен қателігім. Кеше ғана анамды жылаттым, оған қатты айқай салдым, қатты ренжіттім, жүрегін жаралаттым. Маған кешірім жоқ. Кешірімнің өзін сұрауға ұят, себебі, мұндай айқай, мұндай кіналау бірінші рет емес. Ия, анам әрдайым рас айтпайды, кейде қателесуі де мүмкін, кейде анамның дұрыс емес қылықтары жүйкемде ойнайды. Бірақ, ол АНА. Қаншама менің көтерілістерімді шыдап келе жатқан ана. анамдыкі рас болмаса, мен де қателесем, тіпті менің қателігім одан да көп. Анамнан әр нәрсені жасырып, былықтырып жүремін. Оның бәрін ана сезбейді дейсің бе? Ана бәрін сезеді, Алла тағала ананың жүрегін, ана бола салысымен тым сезімтал қылды. Сәби кезімізде әр қыбырымызды естіген, әр қиналғанымызды сезген ананың, біз өскенде сезімталдығы азаяды деймісің? Әрине, жоқ. Ол бәрін сезеді, түнімен уайымдап шығады, жан жүрегі сыздап, не істерін білмей кетеді. Қалай ғана сенің көңіліңді тауып, бетіңді бір қаратсам дейді. Қалай ғана сенімен бір түсінушілікке келсем дейді. Қалай ғана сенің жүрегіңді бір жұмсартсам дейді. Бірақ, бірақ, қатып қалған, өр көкіректенген, өзімшілденген сенің жүрегің жыли ма, өз дұрыстығыңды, өз білімділігіңді жоғары бағалап тұрған сенің жүрегің оны сезіне ма, сезінбейді. Анаңның сенің алдында жүгіріп жүргенін, көңіліңді аулауға тырысып жүрген көріп, өз растығыңды одан самайын көтерген сен, ештеңені де байқамарсың, қайта одан әрі басыңды көтеріп, ренішіңді одан бетер көрсетіп, байқұс ана жүрегін өшпес жараларсың. Пах шіркін, не деген заман, не деген нәпсі, не деген алдамшылық.
Мына өмірде, бәрі астан-кесен, бәрі ауысып кеткендей. Шын бағалы, шын құнды нәрсе мүлде бағаланбай, жермен жексен етілді. Алдамшы дүние көзімізді бірсыпыра байлап, түйсігімізді мүлде өшірді.
Құтқарымды қайдан күтеміз? Көмек қайдан келеді? Тек өзімізден. Абай атамыз айтқандай, жүрегіңе сүңгі де, түбін көзде, содан тапқан шын асыл, тастай көрме!

0
0
2967

Осы тақырып бойынша

Ата-ананы құрметтеу? - Yvision.kz