Астанада жаңа Qazaq Air әуе компаниясының тұсаукесері өтті
Астана әуежайында, 100 % акциясы «Самұрық-Қазына» АҚ-ға тисесілі Қазақстандағы жаңа Qazaq Air әуе компаниясының тұсаукесері өтті.
6-шілде күні жергілікті уақыт бойынша 12 сағат 6 минутта Алматы қаласынан елордасы Астанаға отандық әуе тасымалдаушының алғашқы ұшағы келіп қонды. «Компания ішкі рейстердегі 12 бағыт бойынша тасымал жасайды. Билет бағасы әдеттегі әуе рейстері билеті тарифінен арзан болады», - дейді Qazaq Air басшылары. «Бомбардир Q-400» маркілі 3 ұшақ Канададан арнайы әкелінген. Олардың әр қайсысының құны 27 млн. доллар екен. Ұшқыштардың сөзінше, шағын ұшақ 78 жолаушыға арналған және -54 градустан + 50 градусқа дейінгі ыстықта еш қиындықсыз әуе тасымалдарын жасай алады.
Қатысушылардың алдында Qazaq Air компаниясының жаңа буындағы Bombardier Dash 8 Q400 ұшағы көрсетіліп, компанияның орта мерзімді даму жоспары жария етілді.
«Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Өмірзақ Шөкеев Qazaq Air әуе компаниясында 12 маршрут болатынын, оның басым бөлігі Қазақстанның аймақтарына қонып, үзіліс жасамай ұшатынын айтты.
«Компания алдымен облыстар арасындағы тікелей қатынас мәселесін шешіп, осы арқылы экономикалық дамуға ықпал етеді. Өз кезегінде қазақстандықтар да өңірлік әуе қатынасының тиімділігіне көз жеткізеді. Осы арқылы біз Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың жаңа әуе компаниясы алдына қойған тапсырмасын толық орындаймыз», - деді ол.
Орташа ұшу қашықтығы 800 шақырымдай болады. Қызметтің алғашқы жылында ұшақтың бір күндегі орташа ұшу уақытын 7,3 сағатқа жеткізу жоспарланған. Жолаушылар саны 250 мыңдай болады деп болжам жасалып отыр.
«Qazaq Air» АҚ жобалау жөніндегі директоры Блэр Поллок әуе компаниясындағы бағалар қол жетімді деп хабарлады. «Bombardier Dash 8 Q400 аймақтық ұшағы үнемді ұшақ, сондықтан бұл ұшақтар флоты жолаушылары аз бағыттарға да тиімді сапарлар жасай алады», - деді ол.
Тұсаукесерде көрсетілген Bombardier Dash 8 Q400 ұшағы осы аттас концерннен тапсырыспен алынған үшінші ұшақ. Жаңа заманғы ұшақ ерекше техникалық мінездемеге ие, оперативтілігі жағынан да, жолаушыларға да жайлы.
Аталған үлгінің жылдамдық мінездемесі осы тектес ұшақтар ішіндегі үздіктерінің бірі болып табылады. Отынды жағып, үнемдеуі жақын қашықтыққа ұшатын реактивті ұшақтардан 30% төмен.
