Астанада «Наурыз тойы» фестивалі өтуде
Биыл Астанада алғаш рет өнер ордаларының арасында «Наурыз тойы» байқауы өткізіліп жатыр.
Сынға Елордадағы 24 мәдениет ошағының ұжымдары қатысуда. Шарт – қазақ халқының бай дәстүрін насихаттау. Әр өнер ұжымы шілдехана, бесік той, тұсау кесер, сүндет той, қыз ұзату, құдалық, келін түсіру салты сияқты сарқылмас дәстүрімізді дәріптеуі тиіс. Бүгінгі кезек Тәуелсіздік сарайының үлесіне тиді. Ақшаңқан киіз үйлері мен мұндалаған ауылға «Тәуелсіз» деген айдар тағылды. Қазылар алқасы әдет-ғұрыптан сыр шертетін көріністерден бөлек, ұлттық спорт ойындарының да куәсі болды. Делебелері қозып, асық атып, арқан да тартысты. Игі шараға ұйытқы болған Астана қаласының мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы байқауды дәстүрлі түрде өткізбек ниетте. Биылғы сайыстың жеңімпаздары наурыздың 24-не анықталады.
Ерік Жолжақсынов, ҚР Еңбек сіңірген әртісі, қазылар алқасының мүшесі:
Осылайша, ұлттық салт-дәстүрлерімізді насихаттауға қолымыздың жеткені – егемендік пен тәуелсіздігіміздің арқасы. Бүгін міне құда түсу, сырға салу сияқты әдет-ғұрпымызды таныдық. Наурыз бұл жаңару кезеңі, дәстүріміз бір жаңғырып қалады осы мезгілде. Жақсы бастама. Мереке құтты болсын!
