Астанада халықаралық сарапшылар медиация саласы бойынша тәжірибелерімен бөлісуде
Астанада «Ұлт жоспары: - 100 нақты қадам – азаматтық сәйкестік пен мультимәдениет: Қазақстан мен Еуропаның тәжірибесі» атты тақырыпта медиация саласында халықаралық кездесу өтіп жатыр. Мәжіліске испаниялық және болгариялық сарапшылар және ҚХА өкілдері қатысуда.
«Бүгінгі дөңгелек үстел отырысы – сарапшылардың халықаралық кездесуі. Олар түрлі мемлекеттерден келген, нақтырақ айтқанда, Испания мен Болгариядан және отандық сарапшылар да қатысады. Біз медиациямен байланысты мәселелерді талқылаймыз, сондай-ақ медиациядан тыс кеңірек ауқымдағы мәселелерді қараймыз»,-деді «Қоғамдық келісім» РМК директорының орынбасары Ғазиз Телебаев.
Оның сөзінше, Еуропаның кейбір мемлекеттерінде мультимәдениет саясаты біршама қиындықтарды бастан өткеруде. Осы ретте Қазақстан қоғамдық келісім үлгісімен бөліспек.
«Баршаға мәлім, Еуропаның кейбір мемлекеттерінде мультимәдениет саясаты біршама қиындықтарды бастан өткеруде, осы ретте біз еуропалық әріптестеріміздің өздерінің тәжірибелерімен бөліскендерін қалар едік, біз де өз кезегімізде өзіміздің тәжірибемізбен бөлісеміз. Меніңше, Қазақстанның теңдессіз тәжірибесі бар, біздің қоғамдық келісіміміздің үлгісі өзінің тиімділігі мен нәтижесін көрсетуде. Бұл жәй ұран емес, бұл өзінің нәтижесін көрсетіп отырған кәдімгі мемлекеттік саясат. Біз бүгін Қазақстан халқын бір бүтін етіп біріктіру үшін қолдан келгеннің барлығын іске асырудамыз»,-деді ол.
Медиация – дауларды соттың қатысуынсыз шешу.
Маманның айтуынша, Қазақстанда мелиация таралған. Оны сот, оның ішінде жоғарғы сот сынды мемлекеттік органдар қарамағына алды. Осы сынды бағытта Бас Прокуратура, ҚР Әділет министрлігі, жұмыс істейді. Оған қоса республикада ҚХА жанындағы медиация орталығын ашу жоспарланған.
«Меніңше, бұл орталық біз медиацияны қоғамдық келісім, этникалық қарым-қатынас, дау-дамайға жеткізбеушілік ретінде түсінеміз. Дау болғаннан кейін оны сот әдістерімен емес, сол дауға жеткізбей шешу қажет. Егер де біз даудың бір ұшқынын, нышанын байқайтын болсақ, оған медиаторлар араласады. Меніңше, ҚХА құрылымдарымен медиаторлар тығыз жұмыс жасайтын болады. Қазір өңірлерде қоғамдық келісім кеңестері бар. Олар медиаторлар қызметін атқарады», - деді ол.
Айта кетерлігі, медиация орталығының құрылуынан кейін медиаторлар мектебі ашылмақ.
