Астанада дзюдодан өткен әлем чемпионатын тамашалаған телекөрермендердің саны рекордтік деңгейге жеткен
Халықаралық дзюдо федерациясының президенті Мариус Визер, «Қазақстан»РТРК» АҚ-на табысты ынтымақтастық және "Қазақстан" мен "Kazsport" арналарының қол жеткізген жоғары көрсеткіштер үшін ресми хатын жолдап, алғысын білдірді.

Қазақстан дзюдо тарихындағы жаңа рекордқа қомақты үлес қосты. 2015 жылдың 24-30 тамызы аралығы Астанада өткен әлем чемпионатын теледидардан тамашалаған телекөрермендер саны бұрын-соңды болмаған 193 миллионды құраған. Бұл көрсеткіш 2014 жылы Ресейдің Челябинск қаласында өткен әлем чемпионатымен салыстырғанда 72 пайызға жоғары.
Ал әлемдік көрсетілімдер мен турнир жайлы жаңалықтар шығарылымының жалпы көлемі 1000 сағаттан асады. Дүниежүзі бойынша Астанада әлемнің әр аймағына 3 миллиардқа жуық көрсетілім ұйымдастырылды. 2014 жылғы әлем чемпионатымен салыстырғанда, бұл көрсеткіш 147 пайызға жақсарған.
Естеріңізге сала кетсек, Астанада өткен әлем чемпионатын Қазақстан Республикасының аумағында эксклюзивті көрсету құқығы "Қазақстан" телерадиокорпорациясының еншісінде болды.
Чемпионатты "Қазақстан" ұлттық арнасы мен "Kazsport" телеарнасының тікелей эфирінде толығымен көрсеткен шығармашылық топ, сонымен қатар арнайы студия ұйымдастырып, бәсеке жайлы мамандар мен спортшылардың ойын эксклюзив түрінде көрермен талқысына салып отырды.
Жұмсалған қаржы мен атқарған еңбек ақталып, "Қазақстан" телеарнасындағы дзюдо көрсетілімдерінің рейтингі 6,5 көрсеткішін құраған.
"Қазақстан" мен "Kazsport" арналары әлемдік деңгейдегі ауқымды спорт шараларын ақпараттық сүйемелдеуін және тікелей трансляциясын ұйымдастыруға тырысады. Мысалға, "Kazsport" жоспарында 2016 жылы Астанада өтетін әйелдер арасында бокстан әлем чемпионаты, 2017 жылы Алматыда өтетін Бүкіләлемдік қысқы Универсиада және т.б.
"Қазақстан" және «Kazsport» арналарымен бірге ең үздік әлем деңгейіндегі спорт шараларын тамашаланыздар!
