Мазмұнға өту
Обложка сообщества Әртүрлi

Астанада БАҚ пен спорт әлемінің өзара әрекеттесуінің негізгі аспектілері талқыланды

2015 жылғы 30 қазан – 1 қараша аралығында «Сарыарқа» велотрегінде спорт саласындағы БАҚ қызметінің ерекшелігі және олардың спорт федерацияларымен, спорт клубтарымен және ұйымдарымен өзара әрекеттесуі тақырыбындағы семинар өткізілді.

Семинарды Қазақстанның спорт баспасөзі ассоциациясы және ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен «Kazsport» телеарнасы ұйымдастырды.

Семинарға 100-ден астам түрлі сала өкілдері, атап айтқанда: республикалық және аймақтық БАҚ спорт журналистері, режиссерлері мен операторлары, спорт қауымдастықтары мен федерация өкілдері, медиа басшылар, сондай-ақ Ресей мен Украинадан арнайы шақырылған қонақтар қатысты.

Семинарды «Қазақстан» РТРК» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары – Данияр Нұрғазин ашты.

Семинардың алғашқы күні спорт жарыстарын ақпараттандырудың технологияларына және түрлі спорт объектілерінде медиа инфрақұрылымды ұйымдастыруға арналды.

«Kazsport» телеарнасының директоры Павел Цыбулин спорт телеарнасының шеңберіндегі техника мен шығармашылықтың бірлескен мүмкіндіктері туралы айтып өтті. Спорт іс-шараларын трансляциялау кезінде техниканы пайдаланудағы коммерциялық мүмкіндіктер туралы «Қазақстан» РТРК» АҚ коммерциялық директоры Шолпан Бейсенбаева баяндап берді.

Семинарда сөз сөйлеген әрбір спикер өз тақырыбының маңыздылығын ашып, тыңдармандарға жеткізуге тырысты.

Семинардың екінші күні «Қазақстан» РТРК» АҚ Басқарма төрағасы Нұржан Мұхамеджанованың алғы сөзімен басталды. Басқарма төрағасы іс-шараның қатысушыларына алғыс айтып, осындай шараларды өткізудің маңыздылығына тоқталып өтті.

Бұл күні семинарға қатысушылар түрлі БАҚ-тағы спорт іс-шараларының ерекшелігімен танысты.

Сондай-ақ, семинарда «Самұрық-Қазына» АҚ Қоғаммен байланыс департаментінің директоры Айдар Махметов сөз сөйледі. Халықаралық класстағы спорт шебері атанған Айдар Махметов әріптестеріне спорт ұйымдары қызметін медиа-ақпараттандыру бойынша бірқатар ерекшеліктерді ұсынды.

Ресейден арнайы шақырылған «Агентство спортивных новостей «Тюменская аренаның» қоюшы-режиссері Александр Кондалов пен Украинадан арнайы шақырылған «1+1 телеарнасының» қоюшы-режиссері Игорь Свиридов ТД мен спорт ұйымдарының әрекеттесуі бойынша өз жұмыстарын көрсетті.

Семинардың үшінші күні спорт әлемінің ажырамас бөлігіне айналған  спорт комментаторларына арналды.

Семинар спикерлері спорт трансляциялары кезіндегі режиссер мен тілшілердің өзара әрекеттесуі туралы айтып, қазақ тілді комментаторлардың жағдайы туралы пікір алмасты.

Қазақстандық спорт журналистикасының ардагері Несіп Жүнісбаев «қалам және микрофон» шеберлерінің қазақстандық мектебінің заманауи жағдайы туралы баяндап, өзінің көп жылғы тәжірибесімен бөлісті.

Іс-шара қарсаңында «Kazsport» телеарнасы ұйымдастырған кастингқа қатысқан 25 үміткердің ішінен топ жарып шыққан спорт комментаторлары үшін де бұл күн естен кетпес оқиға болды.

Қызу талқыдан соң семинарға қатысушылар «Астана-Арена» стадионындағы «Астана» - «Ертіс» Қазақстандық премьер-лигасы матчының тікелей эфирдегі трансляциясы кезінде «Kazsport» телеарнасының техникалық мүмкіндіктерімен таныса алды.

Семинарға қатысушылар БАҚ-пен бірлесе отырып, отандық спортты дамыту перспективалары туралы өз ойларын ортаға салды.

Үш күндік семинардың қорытындысы бойынша қатысушылар БАҚ-пен өзара әрекеттесу қоғамдық өмірде дене шынықтыру мен спорттың әлеуметтік маңызын ашуға көмек көрсете отырып, олардың сенімді «серіктестері» болып қалатынын бір ауыздан мақұлдап, өзара тиімді ынтымақтастықтың ары қарай жалғасатынына сенім білдірді.

0
0
447

Осы тақырып бойынша