ru
Default banner
Разное
426 297 жазбалар48 тіркелуші
Всяко-разно
0

«Астана-Арқау» түркі музыкасының фестивалі

3 – 5 шілде аралығында «Астана-Арқау» түркі музыкасының Фестивалі өтеді. Ашылуы – «Жастар» театрында, сағат 18.30-де басталады. Бес жыл қатарынан өткізіліп келе жатқан «Астана-Арқау» түркі музыкасының фестивалі түркі халықтарының мәдени интеграциясы үдерісінде өзіндік елеулі орны бар музыкалық шараға айналды. Осы жылдар ішінде фестивальге барлық  түркі халықтарының дерлік дәстүрлі музыка өкілдері – 400-ге тарта музыканттар мен ғалымдар қатысты.  Соның ішінде, Түркия, Әзірбайжан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркіменстан, сондай-ақ, Алтай, Башқұртстан, Гагаузия, Хакасия, Саха, Татарстан, Тыва, т.б. түркі ұлттық автономияларының әншілері мен ғалымдары, аспаптық орындаушылары – фестивальдың тұрақты қонақтары. Фестиваль сахнасында қазірде өз  дербес мемлекеттік территориялық құрылымы жоқ түркі халықтарының да музыканттары өнер көрсетті. Түркілердің музыкалық мұрасына арналған бұл сипатты мәдени шараның осынша ауқымда және тұрақты түрде Астанада ғана өткізілуі Елордамыздың біріктірушілік қуат – қарымын айқын танытса керек. «Астана-Арқау» фестивалінің бағдарламасы әу бастан-ақ қазіргі түркілер этномузыкасындағы әр алуандықпен қатар, өзара жақындастыра түсер ортақ сипаттарды айқындауға құрылған. Фестиваль қонақтары биыл да әр елден келген әншілер мен аспаптық орындаушылардың ғажайып музыкалық композицияларын тыңдап, көруге мүмкіндік алады. Бұл жылғы негізгі тақырыптардың бірі – фольклордағы ғұмыр. «Астана-Арқау» сахнасында «Хуун Хуур Ту» (Тыва), Вероника Лыткина (Якутия), «От-Эне» тобы (Таулы Шория), Радиф Бұхарбаев (Башқұртстан), Сердар Хайдаров (Түркіменстан), «Наво» тобы (Өзбекстан), Назира Тоқанова (Қырғызстан) және тағы басқа – түркі елдерінің көпшілігінен, сондай-ақ Қазақстаннан ұзын саны 100-ге тарта жеке орындаушылар мен ұжымдар өнер көрсетеді. Әр қилы жанрдағы – жеке аспаптық шығармалардан эпикалық туындыларға дейін орындалып, түркі музыкасының алуан қырлылығы мен байлығы айқын көрініс табатын болады. «Астана-Арқау» фестиваліне қатысқан өнерпаздар «Мыңжылдықтар тоғысындағы Астана» көшпенділер өркениеті фестивалінің сахнасына да шығады.

БАҚ үшін телефон: +7 701 100 3884, www.el.com.kz