Арыстықтар өнерін көрсетті
«Мәдениетім – мерейім» фестивалінің кезекті күні Арыс қаласына тиесілі болды.

Жаңа іскерлік орталықтағы алаңда 350-ден аса өнерпаз өнерін көрсетті. Елімізде биыл аталып өтетін бірнеше мерейлі мерекер концерттік бағдарламаның басты тақырыбына айналды. Дарын иелері мен тума таланттардың өнеріне сусындап қалған халық көңіл көтеріп, елдің ықыласына бөленді.
Осы жылы ұйымдастырылған «Мәдениетім - мерейім» фестивалі аясында түрлі тақырыптар қамтылды. Олардың қатарында ел ішінде салмақ пен маңызға ие Қазақ хандығының 550 жылдығы, Жеңістің 70 жылдығы, Ата заңымыз бен Қазақстан Халқы Ассамблеясының 20 жылдық мерекесі секілді атаулы бағыттар бар.
Арыс қаласында 4 этно-мәдени орталық бар. Бүгінгі фестивальге өзге ұлт өкілдері де арнайы келді. Тарихи тағдыр біріктірген елге алғыс ретінде олар төл өнерлерін именбей паш етті.
Фестиваль өткен күн қасиетті Рамазан айының алғашқы күнімен тұспа-тұс келіп отыр екен. Арыс қаласының өнерпаздары осы бір халықтың ықыласына ие болған дәстүрді жаңғыртып, жарапазан айтуды да ұмытпады.
Бағдарламаның басты тақырыбының бірі - Жеңістің 70 жылдығы. Осыған орай арнайы қойылым дайындалған. Әскери хор патриоттық әндерді шырқады. Арыс қаласынан келгендер биылғы жүлдені шаппай аламыз деп отыр.
Сол үшін тынбай еңбек еттік деп өз ойымен бөлісті Арыс қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Гүлнәр Сыдықова.
«Біздің басты мақсатымыз, әрине, бас жүлде алу. Биыл бас жүлдені аламыз ба деген үміттеміз», - дейді ол.
Қай ауданның бас жүлдені алатынын алдағы уақытта әділқазылар алқасы анықтап берер. Ал, көрсетілген концерттік бағдарлама қала тұрғындарының көңілінен шықты.
