Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

Қарттар айлығына арналған "Времен связующая нить" челленджі. Ардагер журналист

Серік Заманұлы Шайхин. «Арқалағаны – алтын, жегені - жантақ» деп, қалам ұстаған қауым жайлы жазушы Шерхан Мұртазадан артық дөп басып ешкім айта қойған жоқ шығар. Өзгенің күйін күйттеп, мәселесінің шешімін табуына барын салатын журналистер 28 маусым күні төл мерекесін тойлайды. Жылына бір рет өткенге зер салып, қорытынды жасайтын уақыт. Атқарылған еңбекті саралап, өз дәрежесінде бағалап және осы салада қолтаңбасын қалдырған ардагер журналистерге де құрмет көрсетілетін, ал жастарға шабыт беретін әдемі мереке. Атбасар ауданында мемлекеттік тілде жарық көрген «Атбасар» газетіне ұзақ жылдар бойы редактор болған Серік Заманұлы Шайхинді көпшілік жақсы таниды. Мереке қарсаңында ардагер журналист жайлы жазып, оқырман біле бермейтін өмір жолымен таныстырсақ деп шештік. Ақпаратты Простор-Атбасар газетінің редакциясы ұсынды. Серік ағай ұзақ жылдар бойы мемлекеттік тілде жарық көрген газетті басқарып, көзі қарақты оқырманды аудандағы соңғы әрі маңызды жаңалықтармен та-ныстырып отырды. Әрбір мақаласын қарапайым және ұғынықты тілде бастайды. Ал ұжыммен достық қарым-қатынаста болды. Мен редакцияға алғаш келген кезде жымиып, жылы шыраймен қарсы алғандардың бірі. Сөйтіп тез тіл табысып, газет шығарып жүрдік. Мені оның ұстамдылығы тәнті ететін. Ұжымда бір-бірімізсіз шай ішпейміз. Кейде Серік Заман-ұлы жақсы әңгімелер айтып, көңілімізді көтергенде «Біздің ағай тамаша!» деп әндете әзілдейміз. Кілең қыз-келіншектердің арасында жұмыс істеген біздің ағай шынында да тамаша ғой. С.Шайхин газетке кездейсоқ келген жоқ. Ол басқа салада жұмыс істесе де, республикалық «Лениншіл жас», «Ленинская смена» газеттеріне мақала жазып тұрды. Серік Заманұлы Қорғалжын ауданында дүниеге келіп, сонда ер жетті. Целиноград педучилищесіне, кейінірек Целиноград ауылшаруашылығы институтына оқуға түсіп, түрлі себептермен аяқтамады. Бірақ біржылдық бухгалтерлер курсын бітіріп алды. Алғашқы еңбек жолын осы аудандағы «Дружба» совхозында машина трактор шеберханасында нормировщик болып бастады. Ол еңбеккерлердің атқарған жұмысын қағазға түсіріп отырды. Ал экономика бөлімі соған қарап әр жұмысшыға жалақы шығарады екен. 1976 жылы совхозда жұмыс істеп жүрген бірнеше жас маманды милицияға жұмысқа шақырды. Оның арасында С.Шайхин де бар еді. Олар паспорт толтырумен айналысты. Бір айға деп барған Серік Заманұлы онда жарты жыл жұмыс істеді. Сол жылы бү-кілодақтық лениншіл коммунистік жастар одағына 6-орден беріліп, ескі билетті жаңасына ауыстыру қажет болды. Сөйтіп жазуы әдемі жастар билеттерді толтырумен айналысты.

Мұнан соң аудандық комсомол комитетінің қаржы және статистика секторының меңгеруішісі болды. Жалақы есептеді және басқа да маңызды шаруалармен айналысты. Бірақ көп ұзамай бұл орынды декреттік демалыстан оралған әріптесіне босатуына тура келді. 1979 жылдың тамыз айында Қорғалжын ауданындағы «Шамшырақ нұры», «Свет маяка» басылымына тілші-аудармашы болып жұмысқа орналасты. Газетті А.Меркулов басқарып тұрған уақыт. Берілген тапсырмасын уақытынан бұрын орындап берген оны лезде редакцияға қабылдапты. Газетте 1988 жылға дейін еңбек етті. – Өйткені орыс тілінде жарық көретін басылым жабылып, өмірлік серігім Күләш Мартайқызы орысша жазғандықтан, басқа жұмыс іздеуге тура келді. Содан Жақсы ау-дандық газетінде орын бар дегенді естіп, сонда бардық, бірақ үй бермейтін болған соң онда қала алмадық. Сөйтіп, Қима аудандық «Дала таңы», «Степная заря» газетіне орналастық. Мен 1989 жылы бардым. Сол жылы әкем дүниеден озды. Онда үш жарым жыл еңбек етіп, Атбасар ауданына қоныс аудардық. 1993 жылы қазақ тілінде жарық көретін «Атбасар» газеті ашылды. Оған Қалкөз Жүсіп редактор болды. Бірақ линотипте істейтін адам жоқ екен. Линотип деген – баспа әріптерінен тұтас жол құятын әріп теру машинасы. Содан редактор мені және Сағат Серікбаева деген әріптесімді жұмысқа шақырды. Сөйтіп тамыз айында газеттің алғашқы саны жарыққа шықты. Кенжетай Көлбаева жауапты хатшы болды. Ол уақытта газетке жазылу деген жоқ, мекемелерге таратып беретін. Кейінірек, аудан халқын газетке жазылуға үгіттедік. Осылайша, жазылым санын 1200-1300 данаға жеткізіп, біртіндеп көтере бердік. «Ауылым менің іргелі» деген айдармен газет бетіне ауыл халқы, еңбеккерлер жайлы жиі жаздық, - дейді ардагер журналист.

Тоқсаныншы жылдары газет шығару оңай болған жоқ. Газет түгілі,халықтың «күнімді қалай көремін?» деп, базар жағалап кеткен қиын қыстау заман еді. Жалақы уақытында төленбеді, айлап жарық болмады. Кейде түнгі сағат бір-екі демей, электр энергиясы берілген сәтте газетті басып алуға асығады. Ал 1998 жылы редакцияға бас редактор болып Бахыт Зиядақызы Исабекова келді. Бұл кезде газеттің бірқатар ішкі түйткілді мәселелері шешімін тапты. С.Шайхин ақпарат саласында жұмыс істеп жүріп, есімдері елге танымал азаматтармен танысты, олармен сұхбаттасты. Солардың бірі – Қорғалжынның атақты механизаторы, ССР Жоғарғы Кеңесінің депутаты Наталья Геллерт, тракторшы Тәттібала Бейсенбекова, алғашқы тың игерушілердің бірі, Социалистік Еңбек ері Михаил Довжик, Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіров, Олимпиада чемпионы, боксшы Серік Сәпиев, Атбасарға концерт бере келген Роза Бағлановамен таныс болды. Бұдан бөлек, түрлі байқауларға да қатысып, жеңімпаз атанды. Әр жылдары журналистер одағының алғыс хатымен, «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісімен, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың алғыс хатымен марапатталды. Серік Заманұлы «Қазақ тілі қоғамына» екі рет жетекшілік етті. Жалпы, 6 жыл уақытын арнады. Осы уақыт аралығында мемлекеттік тілдің күйін күйттеп, бірталай көзге көрінер тірлік жасады. Серік ағай мен Күләш апай екі ұл мен бір қызды дүниеге әкелді. Тәтті немерелері – көз қуаныштары. Тұңғыш ұлы Дидар - құрылысшы, мұғалім, Алдаберген - экономист, ал қызы Ботагөз – журналист. Биыл Л.Гумилев атындағы Евразиялық университетін тәмамдап, ата-анасының жолын қуды. Екі жылдан бері елордадағы республикалық «На страже» газетінде тілші болып жұмыс істейді. Әріптесіміз 2018 жылы зейнет жасына жетті. Газетте тағы бір жыл еңбек сіңіріп, зейнетке кетті. Ендеше, бейнеттің зейнетін көріңіз, ардагер әріптес!

0
0
190

Осы тақырып бойынша

Қарттар айлығына арналған "Времен связующая нить" челленджі. Ардагер журналист - Yvision.kz