Арманыма асығып келемін
Санаулы күндерден соң арманымның алғашқы
баспалдағынан аттағалы тұрмын.
Мақсатым - мамандығымның тізгінін ұстау.
Автор
“Өзіңе ұнаған кәсібіңмен шұғылданып, өз ұлтыңның туын көкке көтере алсаң – бақыт деген осы!” деп Асқар Жұмаділдаев айтқандай, таңдаған мамандығыңмен еліңді көркейту - азаматтық парыз. Мамандық таңдаудағы жауапкершілік осы, біріншіден өзіңнің көңіліңнен шығуы, екіншіден еліңе пайдаңның тиюі. Достары футбол ойнап жатса, өзі қолына таяқ алып, жерге есеп шығарған Асқар Жұмаділдаев бала күнінен өзінің болашақ мамандығына етене жақын болған екен. Алматы қаласында физика-математика мектебінде оқаған математик бүгінде Ғылым академиясының бір ғасырда бір туатын академигі болды.
Адам қиялға ерік береді, армандайды, алдына белгілі бір мақсаттар қояды, ішкі жан дүниесімен сырласады. Соның нәтижесінде өз қалауын, яғни болашақ мамандығын таңдайды. Мамандық таңдау біреуге оңай болса, екінші бір адамға ұзақ уақыт бойы шешімі табылмайтын сұрақ.
Маған бұл сұрақтың жауабын табу қиынға соқпады. Жүрегімнің таңдауы журналистика саласы болды. Бала кезімнен өзімді өнердің айналасынан көретінмін. Өсе келе қалауым журналист болу екендігін түсіндім.
Журналистика - мен үшін ыстығы мен суығы қатар жүретін қызық сала. Журналист - халық пен билік арасындағы алтын көпір, халықтың мұң-мұқтажын жоғарғы билікке жеткізуші. Қоғамдағы туындаған мәселелердің ақ-қарасын ажыратуға көмек көрсетеді. Журналист қадалған жерінен қан алмай қоймайтындай мықты, керек кезде көмек көрсете алатындай бауырмал, мәселенің анық-қанығына жете алатындай алғыр болуы қажет деп санаймын.
Журналистиканың шеті де, шегі де жоқ. Әрбір салаға журналистік қасиет қажет. Әр саланың қызметкері жаза алуы және өз ойын анық жеткізе алуы тиіс. Ал журналистер міндетті түрде әр саладан хабардар болуы керек.
Сонымен қатар, журналистикада ең маңыздысы - фактчекинг. Қоғамға түрлі жалған ақпараттар тарап кету ықтималдығы елімізде өте жоғары. Ондай жағдайда журналистер ақпаратты саралап, деректің жалған не шынайы екендігін жеткізеді.
Журналистиканың мен үшін қызық саласы - мультимедиа. Мультимедиалық журналистика жылдамдықты қажет етеді. Бір маман иесі болып отырып сайттың алгоритімін де, дизайнды да, суретке түсіруді де, бейнематериал дайындауды да, инфографиканы қолдана білуді де жетік меңгеруі тиіс.
Мен бұл мамандықты шынайы сүйемін. Маған журналистика күтпеген кездесулер мен жаңа орта сыйлады. Мінезімнің қалыптасуына әсер етті. Мақала жазудың арқасында зерттеу жүргізуді үйреніп келемін. Журналистикаға деген қызығушылығым артқан сайын көптеген еңбегі сіңген журналистердің шығармашылығымен таныстым. Қазақ телевизиясының маңдайына біткен шоқ жұлдыздарының бірі - Камал Смаиловтың шығармашылығына зерттеу жасап, атқарған істерін үлгі тұта бастадым. Соның нәтижесінде ғылыми жетекшіммен бірге “Идея генераторы” деп аталатын мақаламды жазып, жарияладым.
Қазақ журналистикасының қарлығашы Мағира Қожахметованың шығармашылығына үлкен қызығушылықпен қараймын. Жасы 80-ге таяса да балаларға арналған республикалық «Балбұлақ» журналының және «Дертке дауа» республикалық медициналық газетінің бас редакторы, әрі шығарушысы. Оның сырын Мағира апай «Мен үшін зейнетке шығу, демалу деген ұғым жоқ. Мен миым жұмыс істеп тұрған кезде өзімнің барлық жоспарларымды, арман-тілектерімді жүзеге асыруым керек» деп түсіндірген болатын өз сұхбатында.
Мен журналист болуды алғаш рет теледидардағы тележүргізушілерге қарап армандадым. Нартай Аралбайұлы, Гүлназ Әлімгерей, Берік Көшербекұлы, Нұрсұлтан Құрман, Ғалымжан Кеңшілік, Әйгерім Есенәлі сынды журналистер жүргізетін бағдарламаларды бала кезімнен үзбей көретінмін. Бүгін де осы журналистерге қарап бой түзеп келемін.
Журналистиканың жазу өнерін меңгеруді өзімнің таңдаған оқу орным әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жанындағы “Журналист” ғылыми білім беру орталығынан “Эссе жазудың негізгі принциптері” курсынан үйрендім. Сол жерде өз арманымның кейіпкерімен таныстым. Ол орталықтың негізін қалаушы әрі менің ғылыми жетекшім Жидегүл Әбдіжәділқызы болатын. Жидегүл Әбдіжәділқызы ҚазҰУ Журналистика факультетінің түлегі, қазіргі таңда өзі түлеп ұшқан ыстық ұяның оқытушысы.
Жаңа медиа – дәстүрлі журналистикамен қатар дамып келе жатқан ғаламтор желісіндегі заманауи журналистика. Бүгінгі таңда журналистер жаңа технология мүмкіндіктерін пайдаланып, ақпаратты әртүрлі форматта ұсына алады. Отандық медиа кеңістікте ақпаратты таратудың заманауи тәсілдері қалыптасқанын байқап келеміз. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Журналистика факультетінің магистранты, Stan.kz порталының тілшісі Айнұр Мұхади 1 күнде 20-ға жуық жаңалықты жариялайтынын айтты. Арман Әубәкір басшылық ететін “Адырна” порталы да ақпараттық кеңістіктегі жылдам әрі сапалы контент ұсынатын порталдардың бірі. Арман Әубәкір Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Журналистика факультетінің түлегі, “Адырна” порталының бас редакторы болып келе жатқанына 15 жылға жуық уақыт болды. “Адырна” қазіргі кезде ұлттық порталдан қоғамдық-саяси бағыттағы порталға бет бұрған беделді сайттардың бірі.
Менің журналистиканы таңдауыма тікелей әсер еткен республикалық “Ұлан” балалар мен жасөспірімдер газеті. Бұл газетте ең алғашқы, ең ыстық тырнақалды туындыларымды жарияладым. “Бейбіт күннің батырлары” деп аталатын шығармамда өзім үлгі тұтатын тұлғалар жайлы жазған едім. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Журналистика факультетінің түлегі Жансерік Қадырбаев өз арманынан бас тартпаған. НЗМ түлектері арасынан грантқа түспеген жалғыз студент болса да, өз болашағы үшін соңына дейін барды. Бүгінде Жансерік Қадырбаев беделді мектептер желісінің бірінде акционер, бизнес саласында да жұмыс істеп жүр және артынан ерген жастарға берері мол блогер. Мен таңдаған мамандықтың иесі Жансерік Қадырбаевты бейбіт күннің батыры деп нық сеніммен айта аламын. Заманауи медианы жетік меңгерген Жансерік Қадырбаевтан әлеуметтік желіде ақпаратты дәйекті әрі аудитория жеңіл қабылдай алатындай етіп жеткізуді үйренгім келеді. Қандай қиындықтар болса да өз арманыңнан бас тартпаудың өзі бүгінгі күннің батырлығы екенін сол мақаланы жазып отырып түсіндім.
“Ғылыммен айналыссам деген адамның ақыл-ойы – айқын, ерік-жігері – зор, тілек-мақсаты – ақиқат пен адалдыққа қызмет етуге талап жолында болуы шарт” деп әлемнің екінші ұстазы Әл-Фараби айтқандай, бүгінгі аудиторияға медиа кеңістіктегі көркем сөзбен көмкерілген блогерлік жарияланымдар емес, заманауи, кәсіби, ғылыми журналистиканың ақ-қарасы анықталған, деректері дәйектелген, профессор Кәкен Қамзиннің тілімен айтқанда зерттемелі журналистика ұсынған ұшқыр ақпарат керек. Сол үшін де, бала кезден арман болған әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің Журналистика факультетінде журналистика мамандығынан кейін магистратураға түсіп дата-журналистика кәсібін оқып, үйренуді мақсат тұтамын. Кәсіби журналистиканы ғылыми журналистикамен ұштастыруды көздеймін.
Дүйсен Қарақат
Алматы қаласы
№58 жалпы білім беретін мектептің түлегі,
«Үздік аттестат» иегері
Ғылыми-шығармашылық жетекшісі:
Жидегүл Әбдіжәділқызы
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ,
Баспасөз және электронды БАҚ доценті,
филология ғылымдарының кандидаты
