Арал ауданында кальциленген сода шығаратын зауыт ашылады
Бұл туралы Қызылорда облыстық мәслихатының кезекті сессиясында айтылды. Былтыр «АралТұз» кәсіпорнындағы ас және техникалық тұз өндірісі толықтай жаңартылып, осының нәтижесінде тек алғашқы 6 айда ғана өнім шығару 20 пайызға ұлғайды.
«Арал ауданында кальциленген сода шығаратын зауыт құрылысын салу жөнінде шешім қабылданды. «Бәйтерек» Холдингі жалпы құны 200-250 млн. АҚШ долларын құрайтын аталған жобаны қаржыландыруға дайын. Қазір осыған байланысты қажетті келіссөздер жүргізіліп жатыр», - деді облыс әкімі Қырымбек Көшербаев.
Сондай-ақ, Қызылорда қаласында құрама жем, күріш өңдеу және керамикалық кірпіш зауыттарының құрылысы аяқталды. Былтыр Жалағаш және Шиелі аудандарында іске қосылған қызыл мия тамырын өңдеу зауыттары жұмыс істеп тұр. Жыл аяғына дейін сэндвич панель, күйдірілген кірпіш, жарықд иодты шам және өзге де өндіріс орындарын іске қосылатын болады.
Сонымен қатар, осы Қызылорда өңіріне қатысты тағы бір жаналық Қызылорда облысында гидрометаллургиялық зауыт ашылады. «Шалқия» кенішіндегі қорғасын мырыш өндірісін «Самұрық Қазына» қорымен бірлесе игеру жұмыстары жүріп жатыр. Бүгінде кен байыту комбинатының базалық жобасын әзірлеу аяқталып, детальдық жобалау жұмыстары қолға алынды, деп хабарлады облыс әкімдігі.
Айта кетейік, осы жылдың мамыр айында «Самұрық Қазына» АҚ Басқарма төрағасы Өмірзақ Шүкеевтің іссапары аясында кәсіпорында қорғасын мен мырышты терең өңдеуге бейімдеу және соның негізінде гидрометаллургиялық зауыт құрылысын салу жөнінде шешім қабылданды. Бұл өз кезегінде металлопрокат алуға мүмкіндік беретін жобаның келесі сатысы болып табылады.
Сонымен қатар, «Молль» неміс компаниясы «Тау Кен Самұрық» Ұлттық компаниясымен осы аумақтағы қорғасынды пайдалана отырып аккумулятор зауытын салу жөнінде келіссөздер жүргізілуде. Машина жасау және ферроқорытпа зауыттарының құрылысы жөніндегі жобалық құжаттар әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өтуге жіберілді.
Қызылорда облысының Жаңақорған кентін газдандыру жалғасып жатқандығы туралы айтылған болатын. Бүгінгі таңда Жаңақорған кентінде «Автоматтандырылған газ тарату стансасы» құрылысының ішкі жер қазуымен сыртқы қоршау жұмыстары аяқталып, іргетастары толығымен құйылған, деп хабарлады облыс әкімдігі.
Сонымен қатар «Шымкент-Бейнеу» магистральді газ құбырына қосу аралығы жобадағы салынатын 1,08 шақырымның 220 метрі салынып, қалған 860 метрдің құбырлары жалғанып жатыр. Бұл құбырлар сынақтан өткізілгеннен кейін салуға рұқсат беріледі.
Бүгінде кентішілік газ тарату құбырлары жұмыстары жүргізілуде. Барлығы бүгінге дейін 117,500 шақырым қазу жұмыстары жүргізіліп, құбырлар салынуда. Құрылыс жұмысына 120 жұмысшы жұмылдырылса, оның 114- жұмысшысы жергілікті жер тұрғындары.
Айта кетейік, қазірге дейін үйге газ тарту жұмыстарына кент тұрғындарынан 249 өтініш қабылданған. Оның ішінде 100 үйдің жобасы жасалынып отыр.
