Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

#Қарабауыр қасқалдақ/Дінмұхаммед Қонаевты еске алу

1986 жылы Алматы қаласында жастардың қатысуымен қанды көтеріліс оқиғасы болып өтті. Елдің наразылығын тудырған Дінмұхаммед Меңліахметұлы Қонаевтың қызметтен босатылғаны және Колбиннің Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің бас хатшылығына тағайындалғаны көтерілістің басты себебіне айналды. Сондай-ақ атамызға арнап сағынышпен халық төменде көрсетілген өлең шумағын жаппай айтты.

Қара бауыр қасқалдақ
Қайда ұштың пыр-пырлап?
Сазың қалды сәбидің
Еңбегіндей былқылдап.

...Ұя қалса иесіз,
Айдын үшін сол қайғы.
Қаңғып келген шүрегей,
Елге пана болмайды,

– деп ойын астарлап жеткізген өлеңде қасқалдақ деп – Қонаевты, ал Колбинді қаңғып келген шүрегей деп астарлап айтылған. Бұл ән көбіне Желтоқсан оқиғасының қарсаңында айтылып келген. Кейін Қазақстан өз тәуелсіздігін жариялады. Сол себептен де шығар, Алматы қаласын – тәуелсіздіктің алтын бесігі деп те атайды.

Ал енді сол мәселеге түрткі болған ұлық адам туралы айтып кетсек. Атамыз қатардағы жұмысшыдан мыс комбинатының басшысына дейін көтерілуі, көптің бәрінің қолынан келе бермейтіні анық. Ісіне мығым, сабырлы, әрі табанды Димаш атамыз осы бір еңбек жолында оң-солын аңғарып, көп қиындықтарды бастан өткеріп, оның ащы-тұщысын біліп, пісіп-қатқан екен. Д. Қонаев біршама жауапты қызметтерді атқара жүріп, ол ғылым саласын да ұмытқан жоқ. 1968 жылы техника ғылымының докторы атағын алды. Ол кісі 25 жылдан аса Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы қызметін атқарды, қазақ еліне басшылық етті. Ел басқарып тұрған кезеңінде Н. Хрущев Қазақстанның 5 облысын Ресейге, біраз жерін Өзбекстанға бергенде Д. Қонаев пен Ж. Тәшенов қарсы тұрып, Қазақстанның тұтастығын сақтап қалды. Л. Брежнев Кеңес Одағын басқарған кезде Өзбекстанға кеткен жерді қайтарып алуға атамыз мол еңбек етті. И. Юсупов Қазақстанды басқарып тұрғанда Ұйғыр автономиясын ашуды да тоқтатқан атамыз болды. Мен және менің замандастарым Д. Қонаев туралы тарих туралы кітап беттерінен, газет, журналдардан оқып қана білеміз. Сол кітапта жазылған мәліметтерге сүйенсек, ол кісінің қарапайым болғандығы, оның өшпес рухы, бейнесі әрдәйім әр қазақтың жүрегінде екендігіне көзіміз жетеді. Ол кісі қанша биікке шықса да, халқынан аласа екенін бір сәт ұмытқан емес. Ешкім осы алып кісі туралы жаман сөз айтпайды, сондай-ақ Елбасымыздың өзі де ол кісінің жақсылығын сөз еткен. Ал, ел аузында Д. Қонаевты қазаққа құдай берген адам болғандығы туралы айтылып жүр.

Тіпті Желтоқсан оқиғасынан кейін кейбіреулері азғырып, қарсы қойып, жала жаптырып, тексерткенде де еш ілік таба алмай, Қонаевтың ел қазынасына қол сұқпақ тұрмақ, бірнеше жыл бойы өз жалақысын балабақшаға аударып тұрғаны мәлім болды. Сөйтіп, қазақ халқын «жемір», «жегіш» деген жаман атақтан сақтап қалды.

Ендеше ел тәуелсіздігі ұрпақтан ұрпаққа жалғасып, Қазақстанның Туы көкте желбірей берсін, ағайын! Тәуелсіз еліміз қандай дағдарысқа ұшыраса да тұтастығымыз жоғалмасын, ортамыз ыдырамасын. Мына алдағы келе жатқан халқымыздың басты мерекесі құтты болсын!

Нөкеш Дидар

-1
0
1993

Осы тақырып бойынша

#Қарабауыр қасқалдақ/Дінмұхаммед Қонаевты еске алу - Yvision.kz