«Қара шекпен» немесе бағаланбаған адалдық...
Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры «Қара шекпен» атты шағармасының премьерасын көрерменге ұсынды. Авторы – осетин драматургы Георгий Хугаев, қоюшы-режиссері – театртанушы, «Қазақ әуендері» АҚ президенті Асхат Маемиров.
«Қара шекпен» – махаббат пен достық, адалдық пен сатқындық тоғысқан философиялық әфсана. Бұл – біз жасап отырған коғамның келбеті. Бәрі адамдардың тірлігі секілді.
Қойылым кейіпкерлері – сөйлеу қабілетіне ие хайуандар: Тұзар-төбет, Қуқар-қарға, Қосүрей-қоян, Сылаң-түлкі, Кико-есек және басқалары. Адам кейпін хайуан арқылы сатиралық түрде жасыру- эзоптық әдіс қолданған.
Бүгінгі түлкiдей құбылған заманның ащы шындығын образдар арқылы жеткізген. Мысалы, Құқар-байсалдылық, қасқыр-зұлымдық пен айла, Төбет– адалдық, Кико-қырсықтық, түлкі-қулық пен екіжүзділік.
Актерлер, музыкамен көркемдеуші, суретші, балетмейстер және басқалары автордың ойын жоғары деңгейде ұсынды. Режиссер А.Маемиров актер таңдауда қателеспегендігін аңғартты. Орындаушылардың жүріс-тұрысы, бет-әлпеті өздері сомдаған образдарға сай келіп, рөлдерді көрерменге сәтті жеткізді. Содан болар қойылымның идеясы анық, өзектілігі талас тудырмайды. режиссерлік ізденісте де, актерлік ойын мәнерлерінде де, көркемдік бейнелік шешімінде (сценографиялық шешім) үлкен еңбек пен шеберлік байқалады. Орындаушылардың ойын өрнегінен рөл сұлбасы, терең психология, астарлы ой сынды шеберлік элементтері бар.
Әр образ өзінің қара басын ойлайды. Тек Тұзар емес. Ол – өмірге ғашық, адал, болашаққа сенімі бар адам кейпінде. Тұзар қасқырлардың айласына ілігіп, сұм қасқыр Көкшуланға ғашық болады. Дегенмен төніп келген сезімнің бетін қайтарып, қожайынына адал қызмет етуді тандайды. Ал қожайыны төбетінің бұл ерлігі мен адалдығын бағалай ма? Аңдардың бұл сәтті тамашалауға келгені – көрерменді одан әрі ойландырады. Бұл орайда шопанның жауабын сезе тұра, бақылаушы ретінде аңдардың жиналуы- бүгінгі проблемаларға, зұлымдықтарға тек бақылаушы позициясын ұстанатын қоғамды елестеді. Мұндай тапқыр шешімнің астарында үлкен трагедия жатыр.
Актерлер комедиялық, трагедиялық сәттерді шебер жеткізді. Басында позитивті, қозы Бе-бемен қалжындасып ойнайтын Тұзар, кейін келе қара шекпенмен бірге өз қайғысын да жамылады. Осындай шебер образдардың бірі – Қосүрей (Лидия Каденова). Әзілқой, көңілді образдан кейін, балаларынан айырылған бейшара ананың рөлімен залдағы көрерменнің көзіне жас әкелді.
Қорыта айтқанда, театр ұжымы едәуір еңбек еткен «Қара шекпеннің» өз көрермені болатыны сөзсіз. Ұжым труппасын көптің көңілінен шыққан премьераларымен құттықтаймын!
Салтанат ГИЗАТ
Сүлейман Демирел университетінің 3-курс студенті
