Мазмұнға өту
Обложка сообщества Әртүрлi

Арқалықта жасалған: Сұранысқа ие сапалы өнім

Бүгінгі күні Қостанай өңіріндегі шағын қалалардың жағдайы түзеліп, шырайланып, халықтың жағдайы артып келеді. Оған мемлекет тарапынан көрсетіліп отырылған қолдау мен жергілікті тұрғындардың ел болашағына бей-жай қарамай, Республика экономикасын дамытуға үлес қосып отырғандары дәлел. Шағын және орта бизнеске бюджеттен бөлінген қаржыны дұрыс пайдаланып, «Арқалықта жасалған» деген жазуы бар өнімдер шығаратын кәсіпкер азаматтар аймақтың ажарын кіргізіп, еңсесін көтеруде үлкен рөл атқарып отыр.

Мәселен, Арқалықтың тұрғындары мемлекеттік бағдарламалардың мол мүмкіндігін тиімді пайдаланып, отандық өнімнің үлесін арттыруда. Родина аулының тұрғыны Санжар Шаубай тұрмыстық қалдықтарды кәдеге жаратып, шағын цех ашты. Бүгінде оның сапалы өнімдері сұранысқа ие.

Санжар Шаубай өз жеке кәсібін ашуды көптен бері армандайтын. Бірақ оны іске асыру үшін қаражаты жоқ. Сөйтіп жүргенде, мемлекеттің «Моно қалаларды дамыту» бағдарламасы туралы естиді. Жобасын жасап, 2 млн. теңге қайтарымсыз несие алады. Осылайша, кәсіпкер шағын цех ашты. Бастамасы сәтті болып, жұмысы бүгінде қыза түскен.

Өнімді өндіруге негізделген құрылғы Қытайдан арнайы әкелініпті. Нәтижесінде  шағын цех бес күнде 1 тонна қағаздан дайын тауар шығарады. Бұл процес көп адамның күшін қажет етпейді. Сол себепті, кәсіпкер әзірге тек үш адамды жұмыспен қамтып отыр. Болашақта ісі ілгерілеп жатса, жаңа жұмыс орындарын ашпақ.

Осылайша, мемлекетік бағдарламаның берекеттілігін көрген кәсіпкердің кәсібі дөңгеленуде. «Арқалықта өндірілген» деген таңбасы бар бұл тауарды моноқаланың көптеген дүкендерінен көруге болады.  Бірақ, Санжар Шаубай бұнымен шектеліп қалмақ емес. Алдағы уақытта кәсібін ұлғайтып, зауыт ашуды көздеп отыр. Сондай-ақ, өнімін басқа облыстарға да тарату ойы бар. Еңбек еселеніп, ел игілігін көріп жатса ол мақсатқа жетудің аулы алыс емес екендігі анық.

 

0
0
320

Осы тақырып бойынша

Арқалықта жасалған: Сұранысқа ие сапалы өнім - Yvision.kz