«Aqjaiyq» телеарнасының тікелей эфирінде пікірсайыс додасы оздырылды.
«Aqjaiyq» телеарнасының тікелей эфирінде сайлауға қатынасушы саяси партиялардың арасында үш кезеңнен тұратын пікірсайыс додасы оздырылды.
Аталмыш теледебатқа төрт саяси партиядан екі-екі өкілден қатысып, өздерінің сайлауалды бағдарламаларын таныстырды. Пікірсайыс мәдениетінде қалыптасқан дәстүр бойынша алдымен жеребе тартылып, соның нәтижесі бойынша ең алғаш болып «Nur Otan» партиясы сөз алды.
Партия атынан өкілдік етуші спикерлер Мұрат Мұқаев пен Жаңабек Жақсығалиев пікірсайыстың құрастырмалы бөлімінде партияның алдағы уақытта орындайтын нақты қадамдарына тоқталып өтті.
Әр партия өздерінің сайлауалды бағдарламаларына қысқаша шолу жасағаннан кейін, саяси партиялар арасында өзара сұрақ-жауап алмасулар болды. Бұл орайда, Мұрат Мұқаев «Adal» партиясының өкілдеріне:
- «Nur Otan» партиясы басынан-ақ халықпен бірге болған, пандемия кезінде де әр қазақстандыққа қолдау көрсете білді. Партия филиалы «Birgemiz - Oral» қоғамдық қорына 29 мың отбасыға 1.5 млрд тг көлемінде көмек беріп, қолдаулар көрсетті және ол әрекеттер әлі де өзінің жалғасын табуда. Ал, сіздердің партияларыңыз бұл жағдайда халыққа қандай көмек берді? - деп өзінің өткір сұрағын жолдады.
Ал, Жаңабек Жақсығалиев өз сөзінде алдағы бес жылда облыста төрт жаңа аурухана салынып, 50 медициналық ғимараттарға жөндеу жұмыстары жүргізіліп, 30 жаңа жедел жәрдем автокөлігінің алынатындығын айтты. Сонымен қатар, білім саласында 11 жаңа мектеп және колледж студенттері үшін жатақханалар салынатындығын, 45 мың тұрғынды қамтитын 80 елді-мекенге жоғары жылдамдықтағы интернет желілердің тартылатындығын, бала-бақшалар мен мектептерде бейне-бақылау камераларының орнатылып, мүгедек жандар үшін 150 орындық заманауи оңалту орталықтарының салынатындығын жеткізді.
Пікірсайыстың қорытынды бөлімінде "Nur Otan" партиясының кейсін жақтаушы спикерлер:
- Ұрпақ кез-келген қателікті кешіруі мүмкін, бірақ тәуелсіздікті жоғалтар болсақ, оны ешқашан кешірмейді. "Nur Otan" партиясы егемендіктің және халық қауіпсіздігінің, жарқын болашақтың кепілі болып келді, әрі қарай да бола бермек, - деді.

