Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

Аппақ Ишан мешіті туралы

Сапарымыздың екінші күні жол түскен елді мекендердің бірі - Түркістан облысы Бәйдібек ауданының орталығы Шаян кенті болды. Жалпы, Түркістан облысында білуімше 1600 тарихи-мәдени нысан бар екен, республикадағы ескі нысандардың көпшілігі де оңтүстік өңірде орналасқан. Мәселен, ЮНЕСКО тізіміне енгізілген Қожа Ахмет Йассауи мавзолейінен кейінгі маған өте ұнаған кешен - ол Аппақ ишан сәулет кешені болды. Дәл осындай деңгейдегі ерекше құрылысты бірінші рет көруім және оның үш ғасыр аралығында сақталып қалуы керемет құбылыс емес пе?! Кешен мешіттен, медреседен және дәрісханадан тұрады. Ендеше, Аппақ ишан сәулет кешені туралы дерек бере кетейін. Аппақ ишан кешені туралы айтқан кезде әрине Аппақ ишанның өзі туралы баяндау қажет. 1850 жылы Түркістан қаласынан ағайынды Қосым және Құлатай ишандар Шаянға қоныс аударып жұртшылықтың қолдауымен мешіт-медресенің құрылысын бастайды. Кейін халықтың жәрдемімен қызыл кірпіштен қайта сала бастайды. Дегенмен, мұндай үлкен құрылыс бірнеше жылға созылса керек. Кейін Қосымның немересі Аппақ ишан құрылысты аяқтатады. Аппақ ишанның азан шақырып қойған есімі Мақсұм екен. Аппақ ишан 1864 жылы Шаян ауданындағы №1 ауылда туған. Ұзын бойлы, арықша келген, келбеті келіскен кісі екен. Үнемі үстінен ақ киімі түспеген тақуа адам болған. Мүмкін оны жұрт сол үшін де Ақ ишан деп атаған шығар. Уақытында мүриттері көп болып, саны бірнеше жүздеген адамға жеткен. Тәлім алушылар Қазақстанның оңтүстігінен ғана емес, Сарыарқадан да, тіпті, көршілес Қырғызстаннан да келген екен. Халқын ілім-білімнен өзге отырықшылыққа, кәсіп игеруге шақырған және басқаларға үлгі бола білген. 1928 жылы Қазақстанның барлық өңірін қамтыған шаруалар көтерілісінің басы-қасында Аппақ ишан сияқты дін иелерінің болуы көп нәрсені аңғартса керек. Аппақ ишанға және отбасы мүшелеріне ауыр салық салынған, міне осы жағдай оның амалсыз қоныс аударына алып келеді. Кешегі қызыл кәмөнестер заманында қудағалауға түсіп, әуелі Ташкент маңына қашып барады, алайда ізіне түскен жаулары оны ақыры соттатып тынады. Халық алдына шығарып, оның бетіне түкіріңдер дегенде бірде бір жан олай жасамаған екен. Кейін түрмеде қайтыс болған, Қазіргі күні Аппақ ишан медресесі музей ретінде жұмыс істейді, біз барған кезде толық қалпына келтіру үшін жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр екен. Түркістан қаласынан Шаян кентіне дейінгі қашықтық шамамен 130 шақырым. Жол жақсы. Көруге кеңес беремін!

3
2
4056

Осы тақырып бойынша

Аппақ Ишан мешіті туралы - Yvision.kz